Инновация мен ізденіс тоғысқан жиын

Қарағандыда медицина саласындағы ғылыми ізденістерге жаңа серпін беретін маңызды шара өтті. «Медициналық ғылым мен білімдегі инновациялық тәсілдер» тақырыбымен алғаш рет халықаралық деңгейде жас ғалымдардың ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылып, ол ғылым қызметкерлері күніне орайластырылды.

Биылғы конференцияның маңызы мен ауқымы айтарлықтай кеңейіп, алғаш рет ғылыми алаңға Қазақстанның барлық медициналық жоғары оқу орындарының өкілдері толық құрамда қатысты. Сонымен қатар халықаралық әріптестік те нығайып, Ресей Федерациясының жетекші университеттерінен келген жас ғалымдар мен зерттеушілер тәжірибе алмасты. Қатысушылар өз ғылыми жобаларын ұсынып, заманауи медицина мен білім беру саласындағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.

– Қазіргі таңда ғылымға ерекше көңіл бөлініп отыр, соның ішінде жас ғалымдардың зерттеу жұмыстары мен олардың ғылыми алаңдарда тәжірибе алмасуы өзекті бағыттардың бірі. Бүгінгі конференция бес негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылды. Клиникалық медицина, биомедициналық ғылымдар, қоғамдық денсаулық сақтау, постерлік секция, сондай-ақ ең жас зерттеушілерге арналған 1-3 курс студенттерінің арнайы секциясы, – деді Қарағанды медицина университетінің проректоры Жәния Дәулетқалиева.

Дмитрий Солянов – медициналық университет түлегі, фармация магистрі. Ол фармацевтикалық технолог мамандығынан бастап докторантура деңгейіне дейін ғылыми жолдан өткен зерттеуші ретінде қалыптасқан. Ғылымға деген қызығушылығы оны шетелде білім алуға жетелеп, Францияда бір жылдық халықаралық зерттеу тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік берген. Оның ғылыми жұмысы адамның реакция жылдамдығына вибрацияның әсерін зерттеуге бағытталған. Бұл бағыт – медицина мен психофизиология тоғысындағы өзекті әрі перспективалы зерттеу салаларының бірі.

– Мен үшін бұл конференция – тәжірибе алмасуға және жаңа ғылыми идеялармен танысуға үлкен мүмкіндік. Қазіргі зерттеуім адамның реакция жылдамдығына вибрацияның әсерін зерттеуге бағытталған, және бұл бағыт медицина мен психофизиологияның тоғысындағы өзекті тақырыптардың бірі деп санаймын. Мұндай ғылыми алаңдар жас зерттеушілерге өз жұмыстарын дамытуға және халықаралық деңгейде ой бөлісуге жол ашады, – дейді шараға қатысушы Дмитрий Солянов.

Конференцияға студенттер, магистранттар, докторанттар және жас ғалымдар қатысып, жалпы 140 ғылыми жұмыс ұсынылды. Қатаң іріктеу нәтижесінде соның 90-ы негізгі бағдарламаға жолдама алған. Шара қорытындысы бойынша үздік деп танылған ғылыми жобалар арнайы дипломдармен марапатталады.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»