Әлемдік додадағы жетістік
Қарағанды облысының мақтанышы, талантты былғары қолғап шебері Гаухар Сайлаубек халықаралық аренада тағы бір мәрте жоғары нәтиже көрсетіп, туған жерінің абыройын асқақтатты. Таиланд астанасы Бангкок қаласында әйелдер боксы бойынша өткен Әлем кубогында жерлесіміз күміс жүлдеге ие болып, Қазақстан құрамасының қоржынына кезекті медаль салды.
Әлемнің үздік спортшыларын тоғыстырған беделді додаға 34 мемлекеттен келген боксшылар қатысты. Байрақты бәсекеде 48 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Гаухар жарыс жолында шеберлігі мен жігерін дәлелдеп, финалға дейін сенімді жетті.
Жарыстың алғашқы айналымында ол алаң иесі Таиланд елінің өкілін айқын басымдықпен жеңіп, келесі кезеңге өтті. Бұл кездесуде қазақстандық спортшының техникалық дайындығы мен шабуылдағы белсенділігі анық байқалды. Кейін жартылай финалда Түркия құрамасының боксшысымен жұдырықтасуы тиіс болғанымен, қарсыласы жекпе-жекке шықпай, Гаухар тікелей финалға жолдама алды.
Алтын медаль сарапқа салынған шешуші сында балқаштық боксшы Вьетнам спортшысымен қолғап түйістірді. Тартысқа толы жекпе-жек жоғары қарқында өтіп, екі спортшы да жеңіске барын салды. Нәтижесінде төрешілер шешімімен қарсыласы басым түсіп, Гаухар Сайлаубек Әлем кубогының күміс жүлдесін иеленді.
Жеңімпаз спортшыны елге оралған сәтте әуежайдан жақындары, спорт саласының өкілдері, әріптестері мен жанкүйерлері ерекше ықыласпен қарсы алды. Қарсы алушылар қатарында жеке бапкері Дулат Саметов, Балқаш қалалық спорт клубының басшысы Ардақ Мурсалим, туыстары мен достары болды.
Халықаралық жарыстан кейін әсерімен бөліскен Гаухар Сайлаубек бұл турнирдің өзі үшін үлкен тәжірибе болғанын айтты.
– Бұл жарыс мен үшін үлкен тәжірибе болғаны сөзсіз. Әлемдік деңгейдегі өте мықты қарсыластармен қолғап түйістірдім. Күміс жүлде – мен үшін зор жетістік әрі үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижелерге жету үшін аянбай еңбек етемін. Маған сенім артып, қолдау білдірген барлық жанға шын жүректен алғыс айтамын, – деді спортшы.
Гаухар Сайлаубек бұған дейін де ел намысын халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап жүрген тәжірибелі спортшылардың бірі. Ол – бес дүркін Қазақстан чемпионы, түрлі халықаралық турнирдің жеңімпазы және жүлдегері. Сонымен қатар Италия мен Венгрияда өткен әлем чемпионаттарында қола жүлдеге ие болса, Ташкент қаласында ұйымдастырылған Әлем кубогында чемпиондық атақты жеңіп алған. Бұдан бөлек, Түркияда өткен халықаралық турнирде де күміс медаль иеленген болатын.
Гаухардың бұл жолғы жетістігі туған қаласында да жоғары бағаланды. Балқаш қалалық спорт клубының атынан спортшыға 200 мың теңге көлеміндегі сертификат табысталды. Сонымен бірге демеушілер тарапынан да құрмет көрсетіліп, арнайы сый-сияпат жасалды. Жас спортшыны халықаралық аренаға дайындап жүрген жаттықтырушысы Дулат Саметовтің еңбегі де ескерусіз қалмады. Оған 300 мың теңгелік сертификат табысталып, шәкірт тәрбиелеудегі еңбегіне алғыс айтылды.
Жанкүйерлер енді жерлес спортшыдан алдағы ірі жарыстарда алтын жүлде күтеді. Ал Гаухардың өзі жаңа белестерді бағындыруға дайын екенін анық көрсетті.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

