«Галёрка» театры Гран-при жеңіп алды
Алматы қаласында өткен IV халықаралық балалар театрларының «Алға Жетістікке» фестивалінде Қарағанды қаласындағы №95 мектеп-гимназиясының «Галёрка» театры аға жас санатында бас жүлдені жеңіп алды. Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Ресей, Беларусь және Қырғызстан елдерінен келген 32 театр ұжымы қатысты.
Фестиваль бағдарламасына сәйкес қатысушылар кіші (5 жастан), орта (11 жастан) және аға (15 жастан) жас санаттары бойынша өнер көрсетті. Қарағандылық ұжым аға топта сынға түсіп, сахналық шеберлігімен ерекшеленді. «Галёрка» театры көрермен назарына Евгений Шварц пьесасы негізінде қойылған «Кәдімгі керемет» спектаклін ұсынды. Қойылым мазмұны адамгершілік құндылықтар мен сенім тақырыбын қамтып, көрерменге ой салатын сахналық шешімдермен толықтырылған.
Театр жетекшісі Елена Самченконың айтуынша, ұжым үшін мұндай халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысу үлкен мәртебе.
– Бұл біздің алғашқы тәжірибеміз емес. Бұған дейін де халықаралық «Театр-творчество-талант» байқауында жүлделі орындарға ие болғанбыз. Аталған фестивальге ұйымдастырушылардың шақыртуымен бардық. Биыл Евгений Шварцтың туғанына 130 жыл толуына байланысты оның шығармасын сахналауды жөн көрдік, – деді ол.
Ұжымның сапарға дайындығы қысқа мерзім ішінде жүргізілген. Шақырту кеш беріліп, қойылымға қажетті декорациялар мен реквизиттердің бір бөлігін алып бару мүмкіндігі болмаған. Соған қарамастан, театр мүшелері қойылымды толыққанды деңгейде қоюға тырысып, көрермен көңілінен шыққан.
Фестиваль барысында бәсекенің жоғары болатыны ірі қалалардан келген театр ұжымдарынан-ақ белгілі болды. Дегенмен қарағандылық жас әртістердің сахнадағы үйлесімді ойыны мен режиссерлік шешімі қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде «Галёрка» театры аға жас санаты бойынша Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Сонымен қатар ұжым мүшелері жеке номинациялар бойынша да марапатталды. Атап айтқанда, Арина Боднарук «Үздік актриса», ал Данил Прилепин «Екінші пландағы үздік рөл» аталымдарына ие болды.
№95 мектеп-гимназиясындағы «Галёрка» театры 1999 жылы әлеуметтік жоба ретінде құрылған. Негізгі мақсаты – Майқұдық тұрғындары үшін театр өнеріне қолжетімділікті арттыру және жасөспірімдерді шығармашылыққа тарту. Бүгінде театр ұжымы мектеп оқушылары арасында сұранысқа ие шығармашылық топтың біріне айналған. Қатысушылар тұрақты түрде дайындалып, түрлі жанрдағы қойылымдарды сахналап келеді. Құрылған уақыттан бері ұжым 20-дан астам спектакль қойды. Театр жұмысының нәтижесінде бірнеше түлек кәсіби өнер жолын таңдаған. Қазіргі таңда олардың бірқатары шетел сахналарында өнер көрсетсе, енді бірі Қазақстан театрларында қызмет етуде.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

