Жануарлар туралы заң: қоғам талқысы
Мәжілісте қаралған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілген жаңа түзетулер қоғамда үлкен резонанс тудырды. Құжаттағы өзгерістерге сәйкес, бұралқы жануарларды ұстағаннан кейін бес күн өткен соң эвтаназиялау мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар үй жануарларын чиптеу міндеті енгізіліп, сәйкестендірусіз жүрген ит пен мысық қаңғыбас жануар ретінде танылуы мүмкін.
Бұған дейін қолданылып келген «ұстау – вакцинациялау – стерильдеу – босату» бағдарламасынан бас тарту қоғам белсенділері мен жануарларды қорғаушылар арасында алаңдаушылық туғызды. Әлеуметтік желілерде аталған түзетулер кеңінен талқылануда.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бұл нормалардың басты мақсаты адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
«Егер ит немесе мысыққа чип салынбаған болса, ол қаңғыбас жануар болып саналады. Сондықтан иесі бар жануарлардың міндетті түрде чипі болуы тиіс. Ұстау кезінде иесі анықталса, жануар уақытша ұстау орнында 60 күнге дейін болады. Осы уақыт ішінде иесі табылса, жануарын қайта алып кете алады. Қаңғыбас жануарлар үшін ұстау мерзімі кемінде 5 күн болса, иесі бар жануарлар үшін 60 күнге дейін созылады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.
Сонымен қатар депутат жануарлар қауіпсіздігі мәселесінен бөлек, адам өмірінің басымдығын ерекше атап өтті.
«Біз үшін ең құнды дүние – адам өмірі. Егер заң жануарларды қорғап, бірақ баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаса, онда мұндай нормаларды қайта қарау қажет. Басты басымдық – адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі», – деді Мәжіліс депутаты.
Жаңа түзетулерге сәйкес, мысықтар эвтаназияға жатпайды, ал иттерді ұстау мерзімін жергілікті мәслихаттар ұзартуы мүмкін.
Алайда қоғам белсенділері бұл нормалармен қатар назардан тыс қалып отырған басқа да маңызды өзгерістер бар екенін алға тартады. Олардың айтуынша, вакцинациялау бағдарламасын тоқтату, жануарларды сот шешімінсіз алып қою және иелеріне қатысты қосымша шектеулер қоғамда құқықтық тәуекелдер туғызуы мүмкін.
«Бұл түзетулер Конституция мен Азаматтық кодекстің қағидаттарына қайшы келуі ықтимал. Сонымен қатар ветеринарлық қауіпсіздікке де қауіп төндіреді», – дейді «Добрый город» қайырымдылық қорының жетекшісі Наталья Уголькова.
Ал жануарларды қорғау орталықтарының өкілдері заңдағы өзгерістердің салдары ауыр болуы мүмкін екенін айтады.
«Кеше Мәжіліс қабылдаған шешім елді бірнеше жылға артқа шегіндіргендей әсер қалдырды. Бұл жерде тек эвтаназия мәселесі ғана емес, жүйелік өзгерістер бар», – дейді Инесса Радченко, «Қорғау» жануарларды құтқару орталығының жетекшісі.
Психологтар да бұл мәселенің әлеуметтік салдарына назар аударуда. Олардың пікірінше, жануарларға қатыгездік көріністері балалар психикасына кері әсер етуі мүмкін.
«Жануарларға жасалған зорлық-зомбылықты көру баланың психикасына теріс әсер етеді. Бұл оның құндылықтар жүйесінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Мұндай мінез-құлық үлгілері кейін мектептегі агрессия мен буллингтің көбеюіне ықпал етеді», – дейді Отбасылық психология орталығының жетекшісі Татьяна Савицкая.
Заң жобасы үш жыл бойы әзірленгенімен, зооқорғаушылардың айтуынша, бастапқы мақсаттағы бірқатар норма әлсіреген немесе алынып тасталған. Бұл жағдай қоғамда «қауіпсіздік пен гуманизм арасындағы тепе-теңдік қалай сақталады?» деген басты сұрақты қайта көтеріп отыр.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

