Білімділер бәсекесіндегі 5 медаль

Қарағанды облысының оқушылары Тараз қаласында өткен қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиадада жоғары нәтиже көрсетіп, еліміздің үздік жас зияткерлері қатарынан көрінді. 10-11 (12) сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған білім додасына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 270 оқушы қатысып, 121 жүлде сарапқа салынды. Сол сайыста өңір намысын қорғаған 11 оқушының бесеуі жүлделі орын иеленді. Республикалық олимпиада қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті және Қазақстан тарихы пәндері бойынша өткізілді. Қатысушылардың білімі тек теориялық деңгейде ғана емес, сонымен қатар көркем мәтінді талдау, тарихи деректермен жұмыс істеу, ғылыми негізделген ой қорыту қабілеттері арқылы бағаланды. Мұндай талаптар оқушылардың терең білімін ғана емес, сыни ойлау дағдыларын да айқындады.

Қарағанды облысы атынан ең жоғары нәтижеге Елжас Алпысбаев қол жеткізді. Ол Қазақстан тарихы пәні бойынша бірінші орын алып, алтын медаль иегері атанды. Жас жеңімпаздың айтуынша, ол олимпиадаға дайындықты 7-сыныптан бастап жүйелі түрде жүргізіп келген. Уақыт өте тәжірибесі артып, әр кезең сайын нәтижесін жақсартып отырған. Биылғы республикалық кезеңде бәсекелестік өте жоғары болғанымен, ол өзінің көпжылдық еңбегінің жемісін көріп, ұстаздарының үмітін ақтағанына қуанышты екенін жеткізді.

Жүлдегерлер қатарында Назерке Нұртілеуқызы Қазақстан тарихы пәні бойынша үшінші орынды иеленсе, Сабина Марланқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша екінші орынға қол жеткізді. Сондай-ақ орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі пәні бойынша Арина Бенке және Ясмин Гаджиева үшінші орыннан көрінді. Бұл оқушылардың барлығы Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты мен өңірдегі алдыңғы қатарлы білім ордаларында білім алып жүр.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломымен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды. Биылғы республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі еліміздің алты өңірінде өтіп жатыр. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 720 оқушы, жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша 925 оқушы бақ сынауда. Жалпы есеппен 423 оқушы жеңімпаз атанған.

Ералы ҒАНИ,

«QH»