Жас өнертапқыштар табиғатты сақтаудың жаңа жолдарын ұсынды
Қарағандылық оқушылар экология саласындағы тың жобаларын таныстырып, қалдықтарды басқару мен энергияны үнемдеудің жаңа тәсілдерін көрсетті. «Экологиялық білім беру бойынша үздік жоба – 2026» облыстық байқауының финалында 12 ең перспективалы жоба жарысқа түсті.
Нұркен Әбдіров атындағы мектеп оқушыларының велошредер жобасы ерекше назар аудартты. Бұл құрал велосипедпен бірге пластик қалдықтарын ұсақтап, қайта өңдеуге мүмкіндік береді.
«Бұл жобамыз қалдықтарды өңдеуге үлес қосады. Осы құрылғы арқылы мектептерде пластикті тиімді басқаруға болады», — дейді Н.Әбдіров атындағы ЖББМ 10-сынып оқушысы Әділжан Серіков.
Нұржанов атындағы гимназия шәкірттері қадамнан энергия жинайтын ерекше құрылғы ойлап тапқан. Оқушылардың айтуынша, мектеп дәліздеріндегі бірнеше осындай құрылғы бүкіл оқу орнын жарықпен қамтамасыз етуге қабілетті.
Ал №3 гимназия оқушылары зияткерлік сұрыптау станциясын жасап шықты. Қоқысты лақтырсаңыз, жасанды интеллект қалдықтың қай жәшікке түсуі керектігін өзі шешеді.
-Сіздер ұсынып отырған бастамалар – экология саласында практикалық мәнге ие, әрі жас таланттардың шығармашылығын көрсететін ерекше үлгі, — деді Қарағанды облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Бисенбек Насимуллин өз сөзінде.
Байқауға Қарағанды, Балқаш, Теміртау қалалары мен Бұқар жырау, Шет аудандарының 7-11 сынып оқушылары қатысып, 79 өтінім түсті. Қазылар алқасы жобаларды ғылыми және практикалық тұрғыдан бағалады.
«Жұмыстар өте сан алуан болды. Шын мәнінде, практикалық бағыттағы, қалдықтарды қайта өңдейтін немесе энергия өндіретін, іс жүзінде жұмыс істейтін макеттер жеңіске жетті. Бұл — қоршаған ортаға зиянды азайтып, әлемді жақсартуға бағытталған», — деп атап өтті экология маманы және қазылар алқасының мүшесі Елена Варганова.
Қарағанды облыстық Білім басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған байқау жас зерттеушілерге өз идеяларын қорғап, ғылыми маңыздылығын көрсетуге мүмкіндік береді.
«Бұл жоба балаларға экологиялық тәрбиенің мәнін түсінуге көмектеседі. Жеңімпаздар биыл Балқашта өтетін «Балқаш тур Фест 2026» фестиваліне қатысып, өз әзірлемелерін халыққа, туристер мен әлеуетті инвесторларға таныстырады», — дейді Білім басқармасының бас маманы Сарқыт Үсенова.
Фестивальде жеңімпаздардың жобалары нақты іске қосылып, қоғам мен табиғатқа нақты пайдасын тигізеді.
-Белгілі бір қатысушылар өз идеяларын жүзеге асыру үшін қаржыландырылады. Алдағы 1,5–2 айда олар бүгін ұсынылған велошредер сияқты жобалардың нақты моделін жасап шығарады. Ол құрылғылар фестивальде жұмыс істейтін болады, -дейді «Балқаш тур Фест» жобасының жетекшісі Ренат Алманов.
Осылайша, жас өнертапқыштар экология саласында тың идеялар ұсынып қана қоймай, олардың өміршеңдігі мен практикалық мәнін дәлелдеді. Қаладағы жас таланттардың бұл бастамалары біздің болашағымызды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау бағытында түбегейлі өзгертуге дайын.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

