Әр саланың мықтыларын біріктірген дода

    Қарағандыда III ашық Senat Open 2026 шахмат кубогының іріктеу кезеңі өтті. Биылғы турнирге барлық деңгейдегі депутаттар, құқық қорғау және күштік құрылым қызметкерлері, сондай-ақ медицина, білім және мәдениет саласының мамандары жиналды. Жалпы саны 200-ге жуық қатысушы бақ сынап, өзара мықтыны анықтады.

Жарыс қорытындысы бойынша 35 үздік шахматшы Қарағанды облысының намысын жартылай финалда қорғау мүмкіндігіне ие болды. Бұл кезеңге өту үшін қатысушылар тоғыз тур бойы тартысты ойын өрнегін көрсетіп, шеберліктерін дәлелдеді.

Ұйымдастырушылар қатысушылар санының артуын турнирге деген қызығушылықтың өсуімен қатар, өткізу форматының жаңартылуымен байланыстырады. Биыл қатысушылар санаты кеңейтіліп, 1/8 финал кезеңінен өткен қосымша қызметкерлер мен мамандар топтарына да мүмкіндік берілді. Бұл шешім жарысқа жаңа есімдердің қосылуына жол ашты.

 

– Турнир әуесқойлар арасында өтеді, кәсіби ойыншылар қатыстырылмайды. Соған қарамастан, қатысушылардың деңгейі артып келеді: биыл 35 ойыншының халықаралық рейтингі бар, – деді жарыстың бас төрешісі, FIDE шебері Олег Ринас.

 

Senat Open бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен 1/8 финал өтсе, одан кейін еліміздің 20 өңірінде ширек финалдар ұйымдастырылады. Бұдан соң Солтүстік, Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс аймақтары бойынша жартылай финал кезеңдері өткізіледі. Ал шешуші финал 28 маусымда Астана қаласында өтеді. Қарағанды осы маусымда ширек финал ойындарын қабылдаған алғашқы өңір болды. Жарыс швейцариялық жүйе бойынша 10+5 уақыт бақылауымен өтті. Қатысушылар әр партияда уақытты тиімді пайдаланып, нақты әрі жылдам шешім қабылдауға тырысты. Нәтижесінде жеңімпаздар жеке және командалық есепте анықталды. Сонымен қатар ардагерлер, әйелдер, депутаттар мен мәслихат қызметкерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, күштік құрылымдар, денсаулық сақтау, ғылым, білім, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында арнайы номинациялар бойынша үздіктер белгілі болды.

Турнирге алғаш рет қатысқан ойыншылар да бар. Солардың бірі Нұра ауданынан келген Игорь Пронин.

– Мен аудандық мәслихаттың атынан қатысып, Нұра ауданы депутаттық корпусының намысын қорғауға келдім. Бізден барлығы алты адам қатысуда. Дайындалып, жаттықтық, өзімізді мықты команда деп санаймыз. Құрамымызда тәжірибелі ойыншылар, турнирлерге тұрақты қатысып жүрген ақсақалдар бар. Бұған дейін жақсы нәтижелер көрсеткенбіз, сондықтан бұл жолы да жеңіске ниеттіміз, – деді қатысушы.

Айта кету керек, Senat Open республикалық турнирі үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Оның бастамашысы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев. Жобаның мақсаты шахмат ойынын кеңінен дәріптеу, мемлекеттік қызметшілер мен қоғам өкілдері арасында зияткерлік мәдениетті дамыту.

Қарағандыда өткен іріктеу кезеңі қатысушылардың дайындығы жоғары екенін көрсетті. Ойын барысында тактикалық дәлдік пен шыдамдылық шешуші рөл атқарып, әр партия соңына дейін тартысты өтті. Турнир жеңімпаздары енді алдағы кезеңдерде өңір намысын қорғап, финалдық кезеңге жолдама алуға таласады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»