Өлең сүйген жастар

  Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде айбоз ақын, Серік Ақсұңқарұлының шығармашылығына арналған дәстүрлі оқулар өтті. Әдеби байқауға жалпы саны 33 студент қатысып, бірнеше бағыт бойынша өзара бақ сынады.

Шараның ашылуында Қарағанды облысы Білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының басшысы Бақытгүл Әбдікерова сөз сөйлеп, байқаудың мақсатына тоқталды.

– Бұл оқулардың басты міндеті қазақ поэзиясындағы азаматтық лириканы жаңа деңгейде танытып жүрген Серік Ақсұңқарұлының шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, жастардың бойында отансүйгіштік қасиет қалыптастырып, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу көзделген, – деді ол.

Байқау үш аталым бойынша ұйымдастырылды. «Қайдасың, қасиетті қара өлеңім…» бағытында қатысушылар ақын өлеңдерін жатқа, мәнерлеп оқып, көркем сөз шеберлігін көрсетті. Бұл кезеңде олардың дауыс ырғағы, сахна мәдениеті және мәтінді жеткізу деңгейі сараланды.

«Поэзия! Ақынның алтын тағы!» аталымында қатысушылар ақын шығармаларын терең талдап, TEDx форматында өз ойларын ортаға салды. Олар белгілі бір өлеңді негізге алып, 3–5 минуттық монолог арқылы туындының идеялық мазмұнын ашып, оның бүгінгі қоғамдағы өзектілігін және жастарға берер әсерін түсіндірді.

Ал «Жүрекке жақын әндер» бағыты бойынша Серік Ақсұңқарұлы өлеңдеріне жазылған әндер орындалды. Қатысушылардың вокалдық қабілеті мен сахнадағы орындау шеберлігі бағаланды.

Іс-шараға арнайы қонақтар қатысып, өз пікірлерімен бөлісті. Атап айтқанда, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық Зерттеу университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов ақын шығармашылығының маңызын атап өтсе, ақын Бағдат Мүбарак оның поэзиядағы өзіндік орнын айшықтады. Кештің құрметті қонағы болған Серік Ақсұңқарұлы ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, өз жырларынан үзінді оқыды.

Әр аталымда колледждерде гуманитарлық бағытта білім алатын студенттер мен техникалық бағытта білім алатын студенттер бөлек бәсекеге түсті.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. «Қайдасың, қасиетті қара өлеңім…» аталымының гуманитарлық бағыты бойынша Айгерім Бөдеге І орынды иеленсе, Ұлпан Мейрамбекқызы ІІ орын, Бекжан Мәжит ІІІ орын алды. Техникалық бағытта білім алушылардан Жансерік Ержанұлы жеңімпаз атанып, Аида Айкеш ІІ орын, Айнұр Жырғауқызы ІІІ орынға тұрақтады.

Екінші аталымда Батырхан Советов пен Сабина Төкенова І орынды иеленді. Арайлым Танатар ІІ орынға, Іңкәр Бекіш ІІІ орынға лайық деп танылды. Ал техникалық бағыттың І орыны қазылар шешімін берілмеді, ІІ орын Жаннұр Қанатқызына, ІІІ орын Дилнара Нұрланқызына табысталды.

«Жүрекке жақын әндер» аталымында Ақтілек Серіков үздік атанса, Бекарыс Амангелді ІІ орын, Дастан Есімханұлы ІІІ орын алды. Ал техникалық бағытта Бекболат Қыдырбай жеңімпаз болып, Айгерім Нұржанова ІІ орын, Мағжан Мұхамбетияр ІІІ орын иеленді.

Жалпы, бұл оқулар студенттердің шығармашылық қабілетін шыңдап, қазақ поэзиясына деген қызығушылығын арттырған мазмұнды әдеби шара ретінде есте қалды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»