Өңірде ауқымды жол жөндеу басталды
Қарағанды облысы аумағында республикалық және облыстық маңызы бар 500 шақырым автожолды жөндеу жоспарланған. Қыстан кейін бүлінген жолдарды қалпына келтіру мақсатында жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Облыс орталығындағы ой-шұңқыр жолдарды жөндеу жұмыстары екі күн бұрын басталды. Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар ыстық асфальт-бетон қоспасымен тегістеу жұмыстарын жүргізуде. Бір ай ішінде негізгі даңғылдар қалпына келтірілмек, ал Қарағанды қаласы аумағында шамамен 140 шақырым жол жөнделетін болады.
– Бір ай ішінде магистральдық жолдардағы ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталады, содан кейін екінші кезектегі көшелерге көшеді. Жалпы орташа жөндеу жоспары 137 шақырымды құрайды, ал Саран бағытындағы жолда орташа жөндеу жүргізілуде, – деді Қарағанды қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Көкішев.
Өңірде негізгі тасжолдар, олардың бойындағы екі көпір мен бір өткел жөнделеді. Биыл Саран-Шахтинск және Шахан-Жаңаталап бағытындағы тозығы жеткен жолдар асфальтталып, Шерубай-Нұра өзені арқылы өтетін көпір жаңартылады. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 276 шақырым болатын кепілдік мерзімі бар жол учаскелері тексеріліп, ақаулар табылған жағдайда мердігерлер өз есебінен жөндеуді қамтамасыз етеді.
– Барлық жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде. Тиісті деңгейде дайындықтар басталған, ал Мұқанов көшесі бойындағы жөндеу жұмыстары алдағы демалыс күндері қолға алынбақ. Жаңа жол арқылы Восток-5 ықшамауданына қосу жұмыстары биыл толық аяқталады, – дейді бөлім басшысы.
Биыл қаланың Оңтүстік-Шығыс ықшамауданы мен Майқұдықты байланыстыратын 6 шақырымдық төрт жолақты жол құрылысы аяқталуы жоспарлануда. Жаңа жол көлік кептелісін азайтып, қаланың екі ауданындағы қатынасты жеңілдетеді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

