Еріктілер кұші – қоғам тірегі
Қарағанды облысында еріктілер қозғалысы жыл өткен сайын қарқын алып, бүгінде төрт мыңнан астам белсенді азаматты біріктірген ірі қоғамдық күшке айналды. Бұл қозғалыс әлеуметтік қолдау көрсетуден бастап мәдени жобалар мен экологиялық бастамаларды жүзеге асыруға дейінгі сан алуан бағыттарды қамтып отыр. Қазіргі таңда өңірде еріктілікті жаңа деңгейге көтеру, оның ішінде жедел әрі кәсіби дайындықты талап ететін бағыттарды дамытуға басымдық беріліп отыр.
Соңғы жылдары волонтёрлік қызмет тек бір реттік акциялармен шектелмей, жүйелі сипатқа ие болды. Еріктілер халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетіп қана қоймай, білім беру саласындағы жобаларға, спорттық шараларға белсенді қатысуда. Сонымен қатар олар төтенше жағдайлар кезінде де алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ендігі кезекте еріктілер жұмысының ауқымы кеңейіп, арнайы дайындық пен нақты үйлестіруді қажет ететін жаңа бағыт — жоғалған адамдарды іздестіру ісі қолға алынбақ.
Осыған байланысты өңір еріктілері арнайы оқыту бағдарламаларынан өтті. Тәжірибелі мамандар мен өзге өңірлерден шақырылған сарапшылардың қатысуымен ұйымдастырылған сабақтарда іздестіру жұмыстарын жүргізудің тиімді әдістері үйретілді. Бұл бастама еріктілердің шұғыл жағдайларда кәсіби деңгейде әрекет етуіне, сондай-ақ тиісті қызметтермен үйлесімді жұмыс жүргізуіне мүмкіндік береді. Мұндай дайындық олардың тек қоғамдық іс-шараларға қатысушы ғана емес, нақты көмек көрсететін сенімді күшке айналуына жол ашады.
Қарағанды қаласы еріктілердің негізгі орталығы саналғанымен, қозғалыс өңірдің өзге аймақтарында да белсенді дамып келеді. Атап айтқанда, Теміртау, Абай және Шахтинск қалаларында еріктілік бастамалар кеңінен қанат жайған. Әсіресе Теміртауда «Күміс волонтёрлік» бағыты ерекше серпін алды. Егде жастағы азаматтар әлеуметтік, білім беру және экологиялық жобаларға қатысып, қоғам өміріне белсенді араласуда. Бұл үрдіс түрлі буын өкілдерін біріктіріп, өзара қолдау мен ынтымақтастық мәдениетінің қалыптасуына ықпал етіп отыр.
Қазіргі уақытта облыс көлемінде 75 еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Олар жастарды, студенттерді және белсенді тұрғындарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, жыл сайын жүздеген іс-шара ұйымдастырады. Нәтижесінде мыңдаған адамға нақты көмек көрсетіліп келеді. Сонымен бірге цифрлық волонтёрлік те дамып, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы байланыс нығая түсті. Алдағы кезеңге де үлкен үміт артылады. 2026 жылдың Халықаралық волонтёрлер жылы болып жариялануы еріктілер қозғалысының маңызын арттыра түсіп, оның қоғамдағы орнын айқындайды. Бұл бастама мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы серіктестікті күшейтіп, ортақ міндеттерді бірлесе шешуге жаңа мүмкіндіктер бермек.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

