Балабақшаларға жаңа талап: лицензиялау кезең-кезеңімен енгізіледі
Оқу-ағарту министрлігі жекеменшік балабақшалар міндетті лицензиялау енгізілгеннен кейін жаппай жабылып қалуы мүмкін деген алаңдаушылыққа түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, жаңа талаптар меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі ұйымдарға бірдей қолданылады.
Лицензиялау жүйесі балабақшалардың ғимаратына, педагогикалық құрамына, білім беру бағдарламаларына, сондай-ақ материалдық-техникалық базасы мен инфрақұрылымына қатысты нақты талаптарды қамтиды. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – балаларға қауіпсіз әрі сапалы орта қалыптастыру.
Министрлік жаңа жүйеге көшу бірден емес, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұл ретте әрбір мекеменің дайындық деңгейі ескерілмек. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдар санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға, антитеррорлық қорғанысты қамтамасыз етуге, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасауға міндетті болады.
Жекелеген балабақшалар талаптарға сай келмеген жағдайда жабылуы мүмкін. Алайда мұндай жағдайда балаларды басқа мекемелерге орналастыру мәселесі жергілікті әкімдіктердің бақылауында болады.
Айта кетейік, мектепке дейінгі ұйымдарды міндетті лицензиялау жүйесі Қазақстанда 2027 жылдан бастап енгізіледі.

