«Шахтер» – өңір мақтанышы

Қарағандыда «Шахтёр» футбол клубының жаңа маусымға арналған құрамы ресми түрде таныстырылды. Жаңартылған ұжым жастық жігер мен тәжірибенің үйлесіміне негізделіп жасақталған. Клуб басшылығы болашағынан үміт күттіретін жас ойыншыларды тәжірибелі футболшылармен толықтыра отырып, командаға қарқын мен тұрақтылық әкелуді көздейді.

Орташа жасы 22-23-ті құрайтын команда Бірінші лигадағы ең жас ұжымдардың бірі. Бұл қадам клубтың ұзақ мерзімді даму стратегиясына сай қабылданған шешім. 1950 жылы құрылған «Шахтёр» – өңірдің басты спорттық нышандарының бірі. Клуб өз тарихында түрлі кезеңдерді бастан өткеріп, ел футболында өзіндік орны бар команда ретінде қалыптасты. Қазіргі таңда ұжым даму бағытын жаңғыртып, жүйелі әрі ұзақ мерзімге арналған жаңа модельге көшіп отыр.

Таныстырылым барысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев клубтың болашағына қатысты стратегиялық бағыттарды атап өтті. Оның айтуынша, алдағы кезең клуб үшін жауапты әрі маңызды болмақ. Бүгінде бас демеуші – Freedom Holding Corp. компаниясымен бірлесіп, аула футболынан бастап кәсіби деңгейге дейінгі тұтас экожүйе қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.

Өңірде бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба жоспарланған. Атап айтқанда, стадионды қайта жаңғырту, футбол академиясын салу және заманауи жабық манеждер ашу көзделіп отыр. Бұл бастамалар өңірдегі футболдың дамуына жаңа серпін бермек.

Кештің негізгі бөлігі команданың ресми таныстырылымы болды. Сахнаға футболшылар, жаттықтырушылар штабы және клуб қызметкерлері шығып, жанкүйерлерге таныстырылды. Жаңа стратегия ойыншыларды тұрақты ойын тәжірибесі арқылы дамытуға, олардың әлеуетін кезең-кезеңімен ашуға және ұзақ мерзімді мақсаттарға бағытталған бәсекеге қабілетті ұжым қалыптастыруға негізделген. Команда капитаны Игорь Шацкий жанкүйер қолдауының маңыздылығына тоқталып өтті. Оның сөзінше, әр матчтағы жанкүйерлердің қолдауы футболшыларға қосымша сенім береді және командаға жоғары нәтиже көрсетуге ынталандырады.

2025 жылдың желтоқсан айында клуб Freedom Holding Corp. басқаруына өткен болатын. Компанияның атқарушы директоры Тимур Турлов жаңа даму стратегиясының негізгі бағыттарын атап өтті. Оның айтуынша, клуб жергілікті жас ойыншыларға басымдық бере отырып, тек негізгі құрамды ғана емес, толыққанды футбол инфрақұрылымын дамытуға назар аударып отыр. Бұл бағытта академия жүйесін жетілдіру, жаңа алаңдар салу және заманауи жаттығу әдістемелерін енгізу жұмыстары қолға алынған. Өңірде әкімдікпен бірлесіп, балалар футболын дамытуға арналған кешенді жүйе қалыптасуда. Атап айтқанда, BFL балалар лигасынан бастап мектеп бағдарламаларына, түрлі турнирлер мен фестивальдерге дейінгі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде клубтың болашақ кадрлық резервін жүйелі түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Таныстырылым аясында команданың жаңа ойын формасы да көпшілік назарына ұсынылды. Өз алаңындағы матчтарға арналған дәстүрлі қызғылт сары жейде және сырт алаңдағы кездесулерге арналған ақ түсті форма таныстырылды. Сонымен қатар клубтың даңқ залы ашылып, оның алғашқы мүшелері ретінде аңыз ойыншылар – Пётр Асылбаев, Андрей Финонченко және Айдос Тәттібаев енгізілді.

Шараның мәдени бағдарламасы аясында сахнада Дастан Оразбеков өнер көрсетті. Ресми бөлім аяқталғаннан кейін жанкүйерлер футболшылармен жүздесіп, естелік суретке түсіп, қолтаңба алу мүмкіндігіне ие болды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»