Музыкалық білімге жаңа серпін
Музыкалық білім – өнермен қатар, рухани дамудың және шығармашылық ізденістің негізі. Өнерпаздардың шеберлігін шыңдауда сапалы аспаптың рөлі ерекше. Осы ретте Қарағандыдағы мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатында жаңа рояль орнатылып, оқушыларға тың мүмкіндік берілді. Заманауи аспаптың ерекшелігі мен оның оқу процесіне қосар үлесі кеңінен таныстырылды.
Мектепте оқушылардың музыкалық қабілетін дамытуға ерекше мән беріледі. Қазір мұнда 300-ден астам бала білім алады, олардың көбі ауылдық жерден келген. Оқу орнында фортепиано, үрмелі және халық аспаптары, вокал мен композиция пәндері оқытылады. Бұл – облыстағы бірегей мектеп, онда оқушылар 1-12 сынып аралығында жалпы және музыкалық білімді қатар меңгереді. Жақында мектепке әлемдік деңгейдегі Bösendorfer роялі әкелінді. Мамандардың айтуынша, оның сапалы үні оқушылардың шығармашылық мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді.
– Жаңа Bösendorfer роялі келгеніне өте қуаныштымын. Бұл аспаптың үні ерекше таза әрі терең естіледі. Осындай жоғары деңгейдегі рояльде ойнау бізге үлкен тәжірибе беріп, кәсіби тұрғыда дамуға үлкен мүмкіндік жасайды, – дейді 12-сынып оқушысы Диас Қаһарманов.
Жыл сайын мектеп оқушылары халықаралық және республикалық байқауларда жоғары нәтиже көрсетіп, шамамен 200-ге жуық жүлделі орын иеленеді. Сол дарынды жастардың бірі – Диас Қаһарманов. Ол көптеген республикалық байқаудың жеңімпазы атанып үлгерген. Диас алдағы уақытта музыкалық білімін одан әрі жетілдіріп, үлкен сахнада өнер көрсетуді армандайды.
– Ғажайыптар кейде шындыққа айналады дейді ғой, биыл біз соған көз жеткіздік. 1828 жылдан бері Венада жұмыс істеп келе жатқан Bösendorfer роялі секілді әйгілі аспаптың мектебімізге келуі біз үшін үлкен оқиға. Оның қасына барған сайын ерекше әсер алып, тіпті деміңді ішіңе тартып қаласың. Осындай рояльде ойнау әр оқушы үшін шабыт пен үлкен мүмкіндік береді, – дейді арнайы фортепиано пәнінің педагогы, бөлім меңгерушісі Ризида Сафонова.
Осылайша, жаңа Bösendorfer роялі оқушылардың шығармашылық әлеуетін кеңейтіп, олардың кәсіби дамуына тың серпін беруде. Қарағандыдағы мамандандырылған музыкалық мектеп-интернаты білім мен өнерді ұштастырған ерекше ортаға айналып, жас музыканттардың арманына жетуіне зор мүмкіндік жасап отыр.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

