Ғылымға жол салған шопан

Қарағанды облысында жоғары білімі болмаса да, күрделі есептерді оп-оңай шығаратын ерекше қабілетті шопан тұрады. Ақсақал табиғат құбылыстарын ұзақ жылдар бойы бақылап, өз пайымына сүйене отырып тың формулалар ойлап тапқан. Ұшқыр ойы мен бай қиялы арқылы ол ғылымға өзгеше соқпақ салып келеді. Өмірлік тәжірибе мен танымнан туған оның ақыл-кеңесі бүгінгі жас ұрпаққа ой салып, білімге құштарлықты арттырады.

Ермекбай Жолдыбеков 85 жасқа келсе де, көпшілік үшін күрделі саналатын есептерді еш қиындықсыз шеше алады. Ол теңдеу мен формулаларды құрастыруда оқулықтағы дайын үлгілермен ғана шектелмей, өзіне тән әдіс-тәсілдерді қолданады. Мұндай қабілет оған бала кезінен-ақ қалыптасқан.

– Мен математикаға қызығушылығымды ерте сезіндім. Бесінші сыныпта оқып жүрген кезімде-ақ жетінші сыныптың есептерін шығара алатынмын. Сол кезде-ақ бір формулаға байланып қалмай, есептің шешімін әр қырынан қарастыруға тырысатынмын. Бұл әдет кейін де қалып қойды. Басқа салаға бет бұрсам да, логика мен есепке деген сүйіспеншілік мені әрдайым жетелеп келеді. Білімге деген құштарлық жасқа қарамайды деп ойлаймын, ең бастысы – қызығушылық пен ізденіс, – дейді әуесқой математик Ермекбай Жолдыбеков.

Ол ауылшаруашылығы институтына оқуға түскен кезде күрделі математикалық есептерді еш қиналмай, оңай шеше алған. Табиғи дарыны мен логикалық ойлау қабілетіне сол кезеңде-ақ ғалымдар жоғары баға берген. Оқуда озат болса да, ол 3‑курста институттан шығып кетеді. Дегенмен, математикалық кітаптардан қол үзбейді. Ауылда трактор тізгіндеп жүрсе де, арифметикалық теңдеулерді шешіп, есептерді жаттығып отыратын.

– Маған әртүрлі қызметте жұмыс істеу мүмкін болды, бірақ сол жұмыстар есеп шығару жағынан мен үшін қиындық туғызды. Дегенмен, қызығушылығым ешқашан басылған жоқ. Менің бір ерекшелігім – есепсіз тұра алмауым еді. Аттың үстінде болса да, қой бағып жүрсе де есеп шығара алатынмын. Сол қасиетім үшін кейде жұмысымды ауыстыруға тура келді, – деді Ермекбай Жолдыбеков.

Шопан формула құру барысында қолындағы қарапайым заттарды шебер пайдаланды. Тіпті суырдың қанша қашықтыққа жүгіретінін анықтау үшін оның іздерін бақылап, есептеудің негізі етті. Қойдың құмалақтарын ізге тізіп, арақашықтықты дәл есептеп шықты. Дала математигі натурал сандардың жинақтық формуласын ойлап тапқан. Оның «Бұрышты үшке бөлу» атты мақаласы ғылыми журналдарда жарияланған. Ол халықаралық математиктер қауымдастығының форумына қатысып, өз тәжірибесімен бөліскен. Сонымен қатар, бірегей еңбектері Ресейдің «Квант» журналында жарық көрген.

– Ол тек есеппен ғана шұғылданатын. Мал бағып жүрсе де, қолын кеудесіне қойып, есептеп отырады. «Не істеп жатырсың?» деп сұрасақ, «Менікі есеп қой» деп жауап береді. Бұл кісі өте қарапайым адам – мал бағып келіп, есеп шығарып, тіпті түнгі екі-үшке дейін жүретін кездері болған. «Жаңалық шығарам» деп әрдайым ізденісін жалғастыратын, – деп атап өтті Ермекбай Жолдыбековтың жұбайы Зигүл Нұрмағамбетова.

Қазақтың қара есеп пайымына негізделген математикалық жұмбақтары газет беттерінде жарияланған. Ақсақал оқушылармен жиі кездесіп, оларға математика ғылымын қызықтыру мақсатында «Қожанасырдың қара есебі» мен «Шахризада» ертегілері негізінде есептер ойлап тапқан. Ол сондай-ақ жердің тартылыс күшін зерттеп, арнайы сызба жасап, кішірейтілген үлгісін де дайындаған. Ермекбай Жолдыбеков математиканы тек тақтадан емес, табиғаттан іздеген. Қазір немерелеріне «Есеп білмесең, есең кетеді; есең кетсе, еңсең түседі» деп үйретіп, оларды ғылым жолына бағыттап келеді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»