Ұлы Отан соғысының ардагері 100 жасқа толды
Қарағанды қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Ильич Балабас 100 жасқа толуына орай құрмет көрсетілді. Мерейтой иесін құттықтау мақсатында Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, полковник Қайрат Тәттекенов арнайы барып, ізгі тілегін жеткізді.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің атынан ардагерге құттықтау хаты табысталып, Отан алдындағы ерен еңбегі, батырлығы мен табандылығы үшін алғыс білдірілді. Александр Ильич 1926 жылы дүниеге келген. Оның балалық шағы мен жастық кезеңі соғыстың ауыр жылдарымен тұспа-тұс келді. Соғыс басталған кезде ол небәрі бес сыныпты ғана аяқтап, 1942 жылы шахтада маркшейдерлік бөлімде сызбашы болып еңбек жолын бастаған. Сол кезеңде әрбір азамат Жеңіс үшін аянбай еңбек етті. 1943 жылы ол Қызыл Армия қатарына шақырылып, 1944 жылы әскери дайындықтан өткен соң 2-ші Беларусь майданының құрамындағы 1-ші Брест дивизиясының 415-ші атқыштар полкіне жіберілді. Майданда жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысында ерлік пен батылдық танытты. Көрсеткен ерлігі үшін Александр Ильич Қызыл Жұлдыз орденімен және I дәрежелі Отан соғысы орденімен, сондай-ақ бірнеше медальмен марапатталған. Соғыстан кейін ол елді қалпына келтіру ісіне белсене араласып, бейбіт еңбекке кірісті. Қарағанды қаласындағы түрлі ұйымдарда қызмет атқарды. Құрылыс басқармасында, «Саранскпромстрой» автокөлік конторасында жүргізуші, облыстық клиникалық ауруханада есепші, «Карагандауглесбыт» басқармасында экономист болып еңбек етіп, кейін жоспарлау бөлімінің басшысы қызметін атқарды. 1991 жылдан бері зейнет демалысында. Ардагер бүгінгі таңда үлкен әрі тату отбасының ақсақалы. Оның үш баласы, төрт немересі және бес шөбересі бар. Олар отбасылық дәстүрлерді сақтап, өздерінің батыр атасын мақтан тұтады. Александр Ильич Балабастың өмір жолы – табандылықтың, еңбекқорлықтың және Отанға деген адалдықтың жарқын үлгісі. Оның тағдыры – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық тарихтың бір бөлігі.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

