Үмітке бастар жол: Қарағандыда ерекше балаларға оңалтудың тиімді жүйесі қалыптасуда
Қарағанды қаласындағы «Шипагер» оңалту орталығы ерекше медициналық қолдауды қажет ететін балаларға жүйелі көмек көрсетіп келеді. Мұнда тірек-қимыл аппараты зақымданған, ауыр жарақаттардан кейінгі, жүрекке жасалған операциядан соң және «Балалардың церебралды сал ауруына» шалдыққан балалар кешенді оңалтудан өтеді. Барлық қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін ұсынылады.
Орталықта әрбір балаға жеке оңалту бағдарламасы әзірленеді. Оған емдік дене шынықтыру, физиотерапия, массаж, логопед пен психологтың сабақтары, сондай-ақ бассейнде жаттығулар кіреді. Мұндай кешенді тәсіл балалардың физикалық мүмкіндігін арттырып қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне де оң әсер етеді.
Орталық пациенттерінің бірі – Балқаш қаласынан келген 15 жастағы жасөспірім. Оның диагнозы күрделі: балалардың церебралды сал ауруы, туа біткен гидроцефалия, жартылай атрофия және тетрапарез. 2021 жылдан бері ол «Шипагер» орталығында сегіз рет оңалту курсынан өтіп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген.
Орталықтың невропатолог дәрігері Екатерина Маричеваның айтуынша, жүйелі оңалту ауыр диагноздың өзінде оң динамика береді.
– Пациент толық көлемде медициналық оңалтудан өтіп келеді. Нәтижесінде бұлшықет спастикасы азайып, эмоционалдық жағдайы жақсарды. Бала ашылып, басқа балалармен қарым-қатынас орната бастады. Жылына 2-3 рет тұрақты түрде оңалтудан өту – қол жеткізілген нәтижені сақтаудың маңызды шарты, – дейді маман.
2025 жылдың өзінде орталықта «Балалардың церебралды сал ауруы» диагнозы бар 200-ге жуық бала ем қабылдаған. Олардың басым бөлігі толық оңалтудан өтіп, жағдайлары жақсарып шығарылған. Ата-аналар дәрігерлердің кәсібилігін және көрсетілетін көмектің сапасын жоғары бағалайды.
Балқаш қаласынан келген жасөспірімнің анасы Ырыскүлдің айтуынша, отбасы ұзақ уақыт бойы тиімді оңалту орталығын іздеген.
– Біз көптеген республикалық орталықта болдық, шетелде де ем алдық. 2021 жылдан бері «Шипагерде» ем қабылдап келеміз. Нәтиже бар, баламның жағдайы айтарлықтай жақсарды. Ең бастысы – барлық қызмет тегін көрсетіледі. Дәрігерлерге алғысымыз шексіз, – дейді ол.
Мамандардың пікірінше, неврологиялық және қимыл-қозғалыс бұзылыстары бар балалар үшін ерте және үздіксіз оңалту – олардың өмір сапасын жақсартудың негізгі тетігі.
«Шипагер» оңалту орталығының тәжірибесі көрсеткендей, жүйелі медициналық қолдау мен кәсіби тәсілдің арқасында жүздеген бала жыл сайын жаңа жетістіктерге жетіп, өздігінен өмір сүруге бір қадам жақындай түсуде.
Қарағанды облысы бойынша медициналық сақтандыру Қоры филиалының ақпараты негізінде

