«Сарыарқа–2026»: Қарағандыда қолөнер шеберлері бас қосқан байқау мен мерекелік жәрмеңке өтті
Қарағанды қаласындағы «Ortau» креативті орталығында Қарағанды облысының 90 жылдығына арналған «Сарыарқа–2026» өңірлік сувенир шеберлері байқауының ашылуы және 8 наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған қолөнершілер жәрмеңкесі өтті.
Ауқымды шараны «Шебер» сәндік-қолданбалы өнер шеберлерін қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Іс-шараға Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы, «ORTAU» креативті орталығы, «АРСК» Қарағанды облыстық филиалы және «Согласие» орыс этномәдени орталығы қолдау көрсетті.
Байқаудың негізгі мақсаты – сувенирлік өнімдер жасаумен айналысатын шеберлердің шығармашылығын кеңінен насихаттау, қолөнер бұйымдарына деген сұранысты арттыру және өңір тұрғындарының назарын облыстың мерейтойына аудару.
Байқаудың ашылуында алдын ала іріктеуден өткен алты шебер өз жұмыстарын ұсынды. Жалпы саны 10-нан астам туынды көрермен назарына ұсынылды. Қатысушылар үшін басты талап – жұмыстардың байқау тақырыбына сәйкестігі болды.
Қатысушылар қатарында әртүрлі бағыттағы шеберлер бар. Мәселен, қарағандылық Раушан Адакова киізден жасалған «Қарағанды облысына – 90 жыл» атты панносын ұсынды. Анастасия Габун эпоксидті шайырдан жасалған төрт бірдей туындысын «Сыйлық сувенирі» номинациясына қатыстырды. Суретші Жанна Бекжан интерьерлік панносын көпшілік назарына ұсынса, зергер Анастасия Карамышева «Мама-Қарағанды» атты күміс төсбелгілер топтамасын таныстырды. Сонымен қатар суретші Татьяна Бакалкина «Шахтер еңбегіне даңқ» атты картиналар сериясын әкелсе, Теміртау қаласының шебері Алия Сүлейменова «От адамдары» атты интерьерлік сувенирін ұсынды.
Айта кету керек, байқау жалғасатын форматта өтуде. Қазіргі уақытта шеберлерден жұмыстар қабылдау әлі де жалғасуда. Байқау қорытындысы мамыр айында Қарағанды облысының Достық үйінде шығарылып, жеңімпаздар арнайы марапатталады. Кәсіби қазылар алқасы үздіктерді түрлі номинациялар бойынша анықтайды.
Сонымен қатар, осы күндері 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған қолөнершілер жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Шараның ашылуында «Шебер» орталығының төрайымы Наталья Вшивцева, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Арман Әлімжанов және өзге де құрметті қонақтар құттықтау сөз сөйледі.
Жәрмеңке аясында өңірлік және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары мен қатысушылары – Олеся Бочарникова, Мұса Бараханов, Алла Черникова, Раушан Адакова сынды дизайнерлердің сән топтамалары да көпшілік назарына ұсынылды.
Шара барысында қала тұрғындары мен қонақтары бірегей қолөнер бұйымдарын сатып алып қана қоймай, мерекелік көңіл-күйге бөленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар ұлттық қолөнерді дамытуға серпін беріп, шеберлердің еңбегін кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
