Ұлттық мереке – заманауи үлгіде
Қарағанды облысында биылғы Наурыз мейрамы ерекше форматта атап өтілмек. Ұлттық құндылықтар мен заманауи цифрлық мүмкіндіктерді ұштастырған мерекелік бағдарлама аясында өңірде мыңнан астам мәдени-көпшілік шара өткізу жоспарланған.
Мерекелік шаралар «Наурызнама» онкүндігі шеңберінде ұйымдастырылып, әр күн мазмұнды әрі тақырыптық бағытта өтеді. Биылғы басты ерекшелік – «Digital Наурыз – 2026» жобасы. Ол Жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асып, әсіресе жастардың қызығушылығын арттыруға бағытталған тың форматтағы іс-шараларды қамтиды.
Цифрлық бастамалар қатарында «Террикон алқабы» IT-хабында өтетін шеберлік сабақтары бар. Мұнда Қарағанды музыкалық комедия театрының қызметкерлері нейрожелілермен жұмыс істеуді меңгеріп, цифрлық контент жасаудың жаңа тәсілдерімен танысады. Ал 20 наурыз күні аталған алаңда нейрожелілер мен цифрлық шешімдерге арналған ауқымды конференция ұйымдастырылады. Сонымен бірге өңірдегі жетекші IT-компаниялардың қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Бұл шараға студенттер мен жас мамандар қатысып, еңбек нарығындағы мүмкіндіктермен таныса алады.
Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкийдің айтуынша, негізгі мақсат – ұлттық дәстүрлерді сақтай отырып, жастарды заманауи технологияларға тарту.
21 наурыз күні «Террикон алқабы» IT-хабында Урбанистика орталығы ұйымдастыратын арнайы фестиваль өтеді. Онда келушілер робототехника жетістіктерін көріп, жасанды интеллект арқылы аватар жасау сынды заманауи жобалармен таныса алады.
Негізгі мерекелік думан 21-22 наурыз күндері облыстың барлық қала, аудандарында кең көлемде тойланады. Қарағанды қаласындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағы басты алаңдардың біріне айналады. Мұнда киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, қолөнершілер көрмесі, сауда орындары мен балаларға арналған ойын алаңдары жұмыс істейді.
Мерекелік концерт 21 наурыз күні сағат 12:00-де басталып, көрермендерге өңір өнерпаздары мен танымал әншілер өнер көрсетеді. Сонымен қатар қазақ күресі, асық ату, садақ ату және арқан тарту секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Сол күні С. Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрында дәстүрлі облыстық айтыс ұйымдастырылады.
Биылғы жаңашыл жобалардың бірі – «Wow! Наурыз» интерактивті алаңы. Бұл кеңістік отбасылық демалыс пен шығармашылық белсенділікке арналған.
Өңір басшылығы мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән беріп отыр. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындар мен қонақтардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты назарда ұстауды тапсырды.
Осылайша, биылғы Наурыз Қарағанды өңірінде тек дәстүрлі мереке ғана емес, жаңашылдық пен дамудың символына айналмақ.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

