Боз кілемдегі бұлқынған рух

Қарағанды қаласындағы Жастар спорт кешенінде спорттық және жауынгерлік самбодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Ел біріншілігіне өңір-өңірден жиналған 570 спортшы қатысып, 10 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады. Бірнеше күнге созылған дүбірлі додада ел намысын қорғайтын үздіктер іріктеліп, жанкүйерлер тартысты белдесулердің куәсі болды.

Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков пен Қазақстанның спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының президенті Руслан Жақсылықов қатысты. Құрметті қонақтар спортшыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңыздылығына тоқталды. Руслан Жақсылықов бірқатар спортшыларға Федерацияның Алғысхатын табыстап, алдағы сындарда табыс тіледі.

– Мемлекет басшысы әрдайым бұқаралық спортты дамытуды, саламатты өмір салтын насихаттау қажеттігін баса айтты. Бұл бағытта өңірімізде жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі спорт мерекесі – соның айқын дәлелі. Барша спортшыларға жарқын жеңістер мен биік белестер тілеймін, – деді Ораз Тәуірбеков.

Жарыс жолына алғашқылардың бірі болып 50 келі салмақтағы жерлесіміз Маргарита Бажаева шықты. Ол Түркістан облысының өкілі Айман Ибрагимовамен белдесті. Кездесу басталған сәттен-ақ қарқынын үдеткен қазақстандық спортшы қарсыласына мүмкіндік бермей, үш минут ішінде айқын басымдықпен жеңіске жетті.

– Чемпион атану үшін бар күшімді салдым. Жылдар бойы төккен маңдай тер мен еңбегім ақталды. Мақсатыма жеттім. Бәрінен бұрын ата-анамның және бапкерімнің үмітін ақтағаныма қуанамын. Бұл мен үшін алғашқы үлкен турнирім емес. Десе де, бойымда қобалжу болды. Бұл – тек менің ғана жеңісім емес, командамның да жеңісі, – деді Маргарита Бажаева.

Қатысушылар үш татамиге бөлініп, салмақ дәрежелері бойынша өзара бақ сынасты. Әр белдесу жоғары қарқынмен өтіп, спортшылардың шеберлігі мен төзімділігін талап етті. 88 келі салмақта сынға түскен жамбылдық Абдурахман Умирзаков та жарыстың жарқын жұлдыздарының біріне айналды. Ақтық кезеңде алматылық қарсыласын ұтымды әдістер арқылы қапы қалдырып, чемпион атанды.

– Дәл осы сайысты көптен күттім. «Турнир өтеді» деп естіген күннен бастап, бірде-бір жаттығуды жібермедім. Жаттықтырушыммен бұған дейінгі жіберген қателіктермен жұмыс істедік. Жеңіс оңайлықпен келмеді. Қарсыластарым өте мықты. Бірақ, осы жарыстан «Алтын алып қайтамын» деп мақсат қойдым. Сол мақсатыма жеттім, – деді спортшы.

Жалпы, ел чемпионаты самбо спортының елімізде қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Жас спортшылар мен тәжірибелі шеберлердің бір алаңда тоғысуы бәсекелестікті арттырып, жарыстың деңгейін көтере түсті. Бұл дода алдағы халықаралық турнирлерге қатысатын ұлттық құрама сапын жасақтауда маңызды кезең саналады.

Жарыс қорытындысы бойынша Қарағанды облысының құрамасы командалық есепте І-орынды иеленді. Жерлестеріміздің қоржынында бес алтын, үш күміс және төрт қола медаль бар. Үш алтын, үш күміс, төрт қола медальмен ІІ-орынды Түркістан облысының командасы еншіледі. Ал үздік үштікті екі алтын, екі күміс және үш қола медаль алған Батыс Қазақстан облысының құрамасы түйіндеді.

Осылайша, Қарағанды төрінде өткен ел біріншілігі спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, саламатты өмір салтын насихаттаудың және бұқаралық спортты дамытудың нақты көрінісіне айналды. Чемпионат жеңімпаздары алдағы халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғайды деген сенім мол.

Ералы ҒАНИ,

«QH»