Балаларды үйірмеге жазудың бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылады
Қазақстанда балаларды үйірмелер мен спорттық секцияларға тіркеуге арналған бірыңғай цифрлық сервис пайда болады. Жаңа жоба қазір Қарағанды облысы мен Қызылорда облысы аумақтарында пилоттық режимде сынақтан өтуде.
Жауапты тұлғалардың айтуынша, портал қосымша білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді орталықтандыруға мүмкіндік береді. Бұл ата-аналар үшін үйірмелерге жазылу үдерісін жеңілдетіп, ашықтықты арттыруға бағытталған.
Екінші тоқсаннан бастап платформаны кезең-кезеңімен еліміздің барлық өңірінде енгізу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда республика бойынша 3,5 миллион бала қосымша біліммен қамтылған. Өткен жылы жергілікті атқарушы органдар үйірмелер мен секцияларды ұйымдастыруға 113 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген. Жаңа цифрлық сервис осы қаражаттың тиімді жұмсалуына және қызмет сапасының артуына ықпал етпек.

