Жерлестердің қос қуанышы

Қарағанды облысының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары кәсіби шеберлік байқауларында жоғары нәтиже көрсетті. Өңіраралық және республикалық жарыстарда өңір намысын қорғаған ұстаз бен студенттер жүлделі орындарға ие болды.

Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің өндірістік оқыту шебері Мұхаметәли Исайын «Кірпіш қалау» құзыреттілігі бойынша өткен «Үздік қалаушы» өңіраралық байқауында жеңімпаз атанды. Ал Қарағанды теміржол колледжінің студенті Керімқұл Шыңғыс республикалық жарыста «Теміржол локомотиві» санатында екінші орынды иеленді.

Өңіраралық «Үздік қалаушы» байқауы Көкшетау қаласында ұйымдастырылды. Сайыс алаңы ретінде Көкшетау қалалық құрылыс-технологиялық колледжі таңдалды. Байқауға Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері, сондай-ақ Астана қаласындағы құрылыс саласының мамандары қатысты. Қатысушыларға арнайы сызба бойынша құрылыс нысанын тұрғызу тапсырылды. Бағалау кезінде кірпіш қалау сапасы, өлшем дәлдігі, геометриялық сәйкестік және түзу сызықтылық талаптары қатаң ескерілді. Жұмыстар халықаралық WorldSkills стандарттары негізінде сарапталды.

– Байқаудың басты мақсаты – мамандардың біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және WorldSkills стандарттарын оқу үдерісіне енгізу. Барлық тапсырма осы талаптарға сай бағаланды, – деді Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, сарапшы Рымбек Алтайбаев.

Нәтижесінде Мұхаметәли Исайын үздік деп танылды. Сарапшылар оның кәсіби шеберлігін, жұмысты дәл әрі сапалы орындауын жоғары бағалады.

– Жарыс екі күнге созылып, жалпы 10 сағатқа жалғасты. Тапсырма аса қиын болған жоқ. 2024 жылы «Плитка қалау» құзыреттілігі бойынша өткен WorldSkills республикалық байқауында екінші орын алғанмын. Бұл жолғы жеңіс – тәжірибенің нәтижесі, – деді жеңімпаз.

Сонымен қатар Рудный қаласында Рудный тау-кен технологиялық колледжінің 60 жылдығына орай BabySkills және JuniorSkills форматындағы республикалық байқау өтті.

Аталған жарыста Қарағанды облысының командасы «Теміржол локомотиві» құзыреттілігі бойынша II-орын алды. Жүлдегер – Қарағанды теміржол колледжінің студенті Керімқұл Шыңғыс. Қазылар алқасы оның практикалық дағдылары мен тапсырмаларды орындау сапасын жоғары бағалады. Колледж өкілдерінің айтуынша, мұндай байқаулар жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, жастардың кәсіби қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Жеңіс – ұстаздар мен студенттің бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Ералы ҒАНИ,

«QH»