Суретші Михаил Шайдоровтың портретін ерекше техникада бейнеледі

Қазақстандық суретші Әсел Сабыржанқызы тағы да тың техникасымен өнерсүйер қауымды таңғалдырды. Бұл жолы ол Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың портретін кілем бетіне салып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Суретші алдымен болашақ бейненің сұлбасын коньки жүзінің көмегімен айқындап, кейін аэрозольді бояумен детальдарын толықтырған. Кілемнің табиғи бедері туындыға айрықша көлем берсе, түс пен реңктің үйлесімі портретке тереңдік пен айқындық дарытқан. Нәтижесінде спортшының болмысын дәл жеткізген әсерлі шығарма дүниеге келді.

Assolyaa шығармашылық лақап атымен танымал қылқалам шебері әлемдік жұлдыздардың кілем портреттерін жасаумен кеңінен белгілі. Оның еңбектері әйгілі актер Джеки Чан мен танымал әнші Дженнифер Лопестің жеке коллекцияларынан орын алған.

Енді бұл жұлдызды қатарға біздің чемпион Михаил Шайдоров та қосылды. Михаил келген сәтте Әсел туындысын халық атынан табыстап, өнер мен спорттың тоғысқан тағылымды сәтіне куә болған көпшілік ұзақ қол соқты.

Фото: offside.kz және BAQ.KZ

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»