Нәзіктік пен күштің симфониясы – Құралай Дүйсембай
Әрбір әйелдің өз тарихы бар. Кімде-кім өзінің кәсібіне адал болса, армандарын шындыққа айналдыра алады. Құралай Дүйсембай Беркінқызы – дәл осындай нәзікжан әрі еңбекқор ару.
Құралай 1992 жылы 25 желтоқсанда Ұлытау облысы, Ұлытау ауданында дүниеге келді. Бала кезінен тіл мен әдебиетке құмарлық танытқан ол 2000 жылы №1 Ұлытау орта мектебіне оқуға түсіп, 2011 жылы білім жолын сәтті аяқтады. Сол жылы академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Филология факультетіне оқуға түсіп, 2015 жылы филология мамандығын меңгерді. Дипломын алғаннан кейін Құралай өзінің кәсіби жолын Ұлытау ауданы әкім аппаратының Баспасөз хатшысы қызметінен бастады. Кейін 2018 жылы Саран қаласы Қорғаныс істері жөніндегі бөліміне, бөлім бастығының көмекшісі болып тағайындалып, мемлекеттік қызмет көрсету мен азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуде тәжірибе жинақтады. Одан кейін ол Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6505 әскери бөліміне Тыл қызметі маманы ретінде ауысып, әскери бөлімнің барлық мерекелік шараларына белсенді қатысады. Сонымен қатар Құралай мобилография саласында да біліктілігін арттырды – екі сертификатқа ие, кәсібін жетілдіру үшін оқуын жалғастырды.
Құралай – тіл маманы ғана емес, шығармашылыққа құштар жан. Оның ұзын шашы, нәзік бейнесі мен жылы мінезі оның бойындағы нәзіктік пен күштің үйлесімін көрсетеді. Бос уақытында ол музыка тыңдап, спортпен айналысады, өзіне энергия жинайды және шабыт алады. Құралай сияқты әйелдер – қоғамның көркі, отбасының тірегі және кәсіби ортаның шабыт көзі. Оның табандылығы, жауапкершілігі және шығармашылық қабілеті нәзікжан болса да, әйел кез келген салада, тіпті әскери қызметте де табанды еңбек ете алатындығына дәлел. 8 наурыз мерекесінде біз Құралай сияқты барша нәзікжандыларға алғыс айтамыз.


