Қарағандылық жас хоккейшілер Квебектен алтынмен оралды

Жуырда Канадада өткен халықаралық турнирде қазақстандық балалар хоккей командасы алтын жүлде жеңіп, ел спортының тарихына жаңа бет ашты. «Astana Team» құрамында қарағандылық жас спортшылар – Артем Неведров, Роман Матушкин және Михаил Бельков та бар. Бүгін жас чемпиондарды ата-аналары, достары және жерлестері қарсы алды.

Қарағанды жұртшылығы Канададағы 66-халықаралық турнирде жеңімпаз атанған жерлестерін ерекше ықыласпен қарсы алып, қуанышқа ортақ болды. Команда құрамында Өскемен, Астана, Алматы және Қарағандының «Юность» командасының ойыншылары бақ сынады.

– Үйге жеткенше асықтық. Баршаңызға рақмет, біз үшін бүкіл ел тілеулес болғанын, халықтың уайымдап, жанкүйер болғанын сездік. Канадаға тек жеңіс үшін бардық. Жігіттер нағыз қайсарлық танытты, бар күшін салды. Бұл – үлкен еңбек. Мұндай додада жеңіске жету санаулылардың ғана қолынан келеді, – деді «Юность» командасының жаттықтырушысы Владислав Подкорытов.

Турнирде Қазақстан құрамасына Канада, Швейцария, Корея, АҚШ және Польша елдерінің мықты командалары қарсы тұрды. Топтық кезеңдегі барлық ойында жеңіске жеткен «Astana Team» плей-офф кезеңіне нық қадаммен шықты.

– Финалда соңғы сәтке дейін берілген жоқпыз, бірақ үзілісте жинақталып, буллит сериясында жеңіске жеттік. Біздің қарсыластарымыз бізді қыспаққа алды, бірақ біз қарсы шабуыл арқылы гол соқтық. Командамызға мақтан тұтамыз, – дейді хоккейшілердің бірі Артем Неведров.

Финалдық кездесуде негізгі уақыт 3:3 есебімен тең аяқталып, шешуші сәтте Қазақстан жас хоккейшілері 4:3 есебімен тарихи жеңіске қол жеткізді.

Мемлекет басшысы жас чемпиондарды тарихи жеңісімен жеке құттықтап, олардың жігеріне жігер қосқан.

– Бұл жеңіс Қазақстанның әлемдік аренадағы мәртебесін арттырды. Балалар үшін бұл стимул мен мотивация. Біз мектепке жас жеткіншектердің көптеп келуін қалаймыз. Қарағандыда хоккей әлі де толық танымал емес, бірақ осындай ірі жеңістерден кейін назар аударылады деп үміттенеміз, – деп атап өтті Қарағанды облыстық мамандандырылған хоккей мектебінің басшысы Владимир Хронусов.

Айта кетейік, Канадада жыл сайын өтетін бұл халықаралық турнир 13 жасқа дейінгі балалар арасындағы ең беделді жарыстардың бірі. Турнир төрт дивизионнан тұрады. «Astana Team» күші жағынан екінші дивизионда топ жарып, жеңімпаз атанды. Бұл тарихи жетістік жас хоккейшілерге келесі жылы Жоғарғы лигаға көтерілуге жол ашады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»