Жастар үні – ел болашағы
Серік Сәпиев атындағы бокс орталығы алаңында өткен ауқымды жастар форумы Қарағанды өңіріндегі қоғамдық-саяси өмірдің маңызды оқиғаларының біріне айналды. Еркін форматта ұйымдастырылған басқосу жастардың ел болашағына қатысты көзқарасын ортаға салып, алдағы конституциялық өзгерістер төңірегінде пікір алмасуына мүмкіндік берді.
Форумның басты ерекшелігі – ашық диалог алаңының қалыптасуы. Жастар, қоғам белсенділері мен сарапшылар бір сахна төрінде тоғысып, мемлекет дамуының алдағы кезеңдері жайында ой бөлісті. Жиында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің өңірлік төрайымы Айжан Қиясова, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, Қоғамдық кеңес төрағасы Равиль Садықов және кәсіпкер, қоғам белсендісі Ерболат Закиров жеке жауапкершілік пен айқын азаматтық ұстанымның қоғам дамуы жолындағы шешуші рөлін атап өтті.
Спикерлердің айтуынша, қоғамдық үдерістерге белсенді араласу – бүгінгі күннің басты талабы. Әрбір жас ел тағдырына қатысты мәселелерде сырт бақылаушы емес, саналы қатысушы болуы тиіс. Ерболат Закиров өз сөзінде алдағы референдум қарсаңындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызын айта келе, бұл үгіт-насихат емес, азаматтарға қажет ақпарат екенін атап өтті. Оның пікірінше, ұсынылып отырған түзетулер елдің алдағы онжылдықтардағы қауіпсіздігі мен құқықтық кепілдігін нығайтуға бағытталған.
– Әлем қарқынды дамып келеді. Цифрландыру мен технология дәуірінде уақыт көшінен қалмау басты міндет. Жаңа өзгерістер – заман талабы, – деді ол.
Қарағанды қаласының Қоғамдық кеңесі төрағасы Равиль Садықов Конституция жобасындағы бірқатар бапқа тоқталып, әсіресе 70-бапта көзделген жаңа институт – Халық кеңесін құру бастамасына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бұл құрылым қоғамдық пікірді жоғары деңгейде ескеруге мүмкіндік беретін тиімді тетік болмақ. Кеңес құрамына этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен мәслихат депутаттарының енуі – қоғамның түрлі әлеуметтік топтарының үнін естуге жол ашады.
– Біз бұл өзгерістерді жаңа дәуірдің бастауы деп қабылдаймыз. Қоғамдық кеңес те бастаманы қолдайды, – деді Равиль Садықов.
Форумда сөз алған ҚарҰЗУ филология факультетінің IV курс студенті Азиза Кулметтенова жаңа Конституция жобасында жастарға қатысты бірқатар мүмкіндіктер қарастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, студенттердің ғылыми еңбегін қорғау, авторлық құқықты нақтылау, білім мен зияткерлік меншікті заң жүзінде қамтамасыз ету – жас буын үшін маңызды.
– Қолданыстағы Конституция мемлекет іргесін бекітсе, жаңа жоба адам капиталының сапасын арттыруға бағытталған. Бұл – жастардың білім алуына, сапалы жұмыспен қамтылуына құқықтық кепілдіктің күшеюі, – деді ол.
Сонымен қатар жаңа жобада кәмелетке толған баланың ата-анасына жауапкершілік жүктеу нормасының енгізілуі де қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған бастама ретінде бағаланды.
Форум тек пікірталас алаңы ғана емес, рухани серпін сыйлаған мәдени кешке де ұласты. Кеш барысында танымал әншілер – Айдана Меденова және Қайрат Түнтеков сахнаға шығып, жастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Қарағандыда өткен бұл форум ел ертеңіне бейжай қарамайтын белсенді буынның тоғысқан тұғырына айналды. Мұнда жиналған жастар мемлекет дамуының жаңа кезеңіне қатысты өз ұстанымын ашық білдіріп қана қоймай, өзгерістердің бел ортасында болуға дайын екенін көрсетті.
Ералы ҒАНИ,
«QH»


