Кітап пен білімнің сақшысы
Халықаралық әйелдер күні – нәзікжандыларға арналған мереке ғана емес, білім мен еңбекке адалдық үлгісін көрсеткен әйелдерді де атап өту күні. Қадырова Гүлсая Дәулетбекқызы – дәл осындай арулардың бірі.
Гүлсая 1995 жылы 26 наурызда Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ ауылында дүниеге келді. 2013 жылы ауылдағы №5 орта мектепті бітірген соң, ол Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің кітапхана ісі факультетіне оқуға түсті. 2015 жылы өндірістік практикаға келген ол Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өз қабілетін танытып, колледж дипломын алған соң дәл осы жерде жұмысын жалғастырды. Сол жылдан бері кітапхана саласында табанды еңбек етіп, кәсіби тәжірибе жинақтап келеді. Гүлсаяның кітапқа деген қызығушылығы 7-сыныпта басталған. Сол кезде ол «Махаббат қызық мол жылдар» романымен танысып, әдебиет әлеміне құмарлық танытқан. Содан бері кітап – оның өміріндегі маңызды серігіне айналды.
Қазір Гүлсая Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының оқу залдары бөлімінің басшысы. Оның еңбек жолында әртүрлі қызметтер бар. Абонемент бөлімінің кітапханашысы, құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтар ұйымдастыру бөлімінде кітапханашы редактор, ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінде библиограф, өнер туралы әдебиеттер бөлімінің кітапханашысы, көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету филиалының кітапханашысы.
Осы тәжірибенің барлығы оның кәсіби шеберлігін, ұйымдастырушылық қабілетін және шығармашылық ойлауын жетілдірді. Гүлсая – тек кітапқа ғана емес, оқырмандарға да шынайы қамқорлық көрсететін маман. Оның әрбір күні білімге құмарлық пен кәсіби жауапкершілікке толы. Бұл нәзікжанды арудың үлгісін дәлелдейді. Әйел де білім саласында үлкен жауапкершілік арқалап, қоғамға маңызды үлес қоса алады. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Гүлсая сияқты барша нәзікжандыларға алғысымыз шексіз. Сіздер – қоғамның шабыт көзі, отбасының тірегі және білімнің сақшыларысыздар. Кәсібилігіңіз, мейіріміңіз және шабытты еңбегіңіз – келер ұрпаққа үлгі.


