Өңір шежіресін жазған басылымға – жүрекжарды лебіз

Биыл «Qaragandy Habary» газетінің жарық көргеніне бес жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде басылым аймақтың шежіресін хаттап, ел ішіндегі елеулі оқиғаларды, тағылымды бастамаларды, мәдени жаңалықтарды оқырманға уақтылы жеткізіп келеді. Мерейтой иесіне ізгі тілегін білдіргендердің қатарында мәдениет саласының қызметкері Майра Оразғазықызы да бар.

Өзінің еңбек жолын ауыл мәдениетін өркендетуден бастап, кейін С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры, К.Станиславский атындағы орыс драма театры, С.Қожамқұлов атындағы қазақ драма театры сынды өнер ұжымдарында жалғастырған Майра Оразғазықызы үшін баспасөздің орны ерекше.

– Театр мен мәдениет саласында еңбек етіп жүрген адам ретінде ақпараттың маңызын жақсы түсінемін. Әр премьера, әр концерт, әр мәдени бастама – тарихтың бір бөлшегі. Сол сәттерді ел жадында сақтап қалатын – газет. «Qaragandy Habary» осы миссияны абыроймен атқарып келеді, – деді мәдениет саласының қызметкері Майра Оразғазықызы.

Майра Оразғазықызының айтуынша, газет бетінде тек ресми ақпарат қана емес, адам тағдыры, еңбек адамының болмысы, ауыл мәдениетінің тынысы кеңінен көрініс табады. Бұл – басылымның басты құндылығы.

– Мен үшін «Qaragandy Habary» – шынайылықтың символы. Әсіресе ауыл-аймақтағы мәдени өмірге қатысты материалдарды сүйсініп оқимын. Себебі мәдениет – тек үлкен сахна ғана емес, ол – ауыл клубындағы домбыра үні, баланың алғаш рет сахнаға шығуы, көрерменнің шынайы қошеметі, – дейді оқырман.

Бүгінде Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығына жетекшілік етіп отырған Майра Оразғазықызы газет ұжымының еңбегін жоғары бағалап, алдағы уақытта да өңір руханиятының жаршысы бола беруіне тілектестігін білдірді.

– Бес жыл – қалыптасу кезеңінен сенім биігіне көтерілген уақыт. Осы белес – ұжым еңбегінің нәтижесі. Қаламдарыңыз мұқалмасын, көтерер жүктеріңіз жеңіл, айтар сөздеріңіз салмақты болсын. Халықпен бірге жасап, халықтың жүрегінен орын ала беріңіздер! – деді Майра Оразғазықызы.

Өнер саласының өкілі айтқан бұл лебіз – мәдениет пен журналистиканың өзара сабақтастығын көрсететін шынайы пікір. «Qaragandy Habary»  алдағы уақытта да өңір өмірінің маңызды сәттерін хаттап, уақытпен үндесіп, оқырманымен бірге жасай беретіні сөзсіз.