Мектептерде смартфонға толық тыйым салына ма?

Қазақстанда мектептерде смартфон пайдалануға қойылатын талаптарды күшейту жоспарланып отыр. «Білім туралы» заңға енгізілетін жаңа түзетулерге сәйкес, оқушыларға ұялы телефонды тек сабақ кезінде ғана емес, үзіліс уақытында да пайдалануға шектеу қойылуы мүмкін. Қазіргі уақытта бұл ұсыныс Парламент Мәжілісінің қарауында.

Айта кетейік, мектептерде смартфон пайдалануға қатысты алғашқы шектеулер 2024 жылы енгізілген болатын. Алайда бұл шара күткен нәтиже бермеді. Мұғалімдер мен ата-аналардың айтуынша, оқушылар телефон қолдануды жалғастырған. Сарапшылар мұның басты себебін заң нормаларының нақты болмауымен байланыстырады. Бұған дейін әр мектеп смартфон қолдану тәртібін өз бетінше белгілеп келген. Соның салдарынан кейбір білім беру ұйымында телефонға толық тыйым салынса, енді бірінде шектеу болмады.

Ал жаңа түзетулерге сәйкес, смартфон пайдалану қағидаларын енді мектептер емес, Оқу-ағарту министрлігі бекітеді. Яғни, барлық білім беру ұйымы үшін ортақ талаптар енгізіледі. Бұл бастама мектептердегі тәртіпті күшейтіп, оқушылардың сабаққа зейін қоюына оң әсер етеді деп күтілуде.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, смартфондар балалардың назарын жиі бөліп, оқу процесіне кедергі келтіреді. Сондықтан ұсынылып отырған шектеулер ата-аналар мен педагогтердің өтініштері негізінде әзірленген. Сонымен қатар, бұл шара оқушылар арасындағы тікелей қарым-қатынасты арттырып, олардың әлеуметтік желілерге тәуелділігін азайтуға бағытталған.

Дегенмен, жаңа талаптар оқушыларды ата-аналарымен байланысу мүмкіндігінен айырмайды. Сабақ аяқталғаннан кейін және сабақтан тыс уақытта балалардың ұялы телефон пайдалануына рұқсат беріледі. Яғни, шектеу тек оқу процесі кезінде қолданылады.

Заңгерлердің айтуынша, егер түзетулер қабылданса, талаптардың орындалуына мектептер де жауапты болады. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында жауапкершілік лауазымды тұлғаларға жүктелсе, жекеменшік мектептерде кәсіпкерлік субъектілері жауап береді.

Мамандардың пікірінше, жаңа ережелер оқушылардың оқу үлгерімін жақсартуға, тәртіпті нығайтуға және мектептегі психологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етуі мүмкін. Ал заң жобасының нақты қандай нұсқада қабылданатыны алдағы уақытта белгілі болады.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»