Нашақорлыққа қарсы күрес күшейтілді
Қарағанды қаласында бір жыл ішінде заңсыз есірткі айналымына қарсы жүргізілген жедел-профилактикалық шаралардың нәтижесінде 70 адам ұсталды. Олардың 13-і синтетикалық есірткі түрлерін таратумен айналысқан. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, заңсыз айналымнан 700 келіден астам психотроптық зат тәркіленіп, есірткі дайындауға арналған бір тоннадан астам прекурсор анықталып, айналымнан шығарылған.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары синтетикалық препараттардың таралуы ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Осыған байланысты өңірде есірткі қылмысының алдын алу және оның жолын кесу бағытындағы жұмыстар күшейтілген. Өткен жылы облыс аумағында 100-ден астам есірткі заң бұзушылығы тіркелген. Бес жасырын наркозертхана мен төрт фитозертхананың қызметі тоқтатылып, онда синтетикалық препараттар өндірілгені анықталған.
– Қарағанды облысы аумағында синтетикалық есірткі өнімдерін өндіретін 5 жасанды зертхана және 4 фитолаборатория жойылды. 2025 жылы заң және тәртіп қағидаларын жүзеге асыру барысында синтетикалық есірткі өндіруге мамандандырылған тағы бір жасанды нарколаборатория анықталып, жойылды. Тінту кезінде шамамен 1 тонна химиялық прекурсор және 500 грамнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді, – деді Қарағанды қаласы полиция басқармасының нашақорлыққа қарсы бөлімінің орынбасары, полиция майоры Нұржан Қожанов.
Құқық қорғау шараларымен қатар, профилактикалық бағыттағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. «Құқықтық жан-жақты білім беру» бағдарламасы аясында полиция мен қоғамдық ұйымдар 500-ден астам шара ұйымдастырған. Атап айтқанда, форумдар, дәрістер, ашық пікірталастар, спортшылар және қоғам көшбасшыларымен кездесулер өткізілген.
– Қарағанды қаласында қоғамдық қорлар мен сауда үйлерінде антинаркотикалық бейнематериалдарды тұрақты көрсету ұйымдастырылған. Қала әкімдігі мен қалалық мәслихаттың қолдауымен мемлекеттік тапсырыс аясында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған әлеуметтік жобалар іске асырылуда, – деді Нұржан Қожанов.
Есірткіге қарсы күрестегі негізгі бағыттардың бірі – интернет мониторингі. «Киберқадағалау» жүйесі арқылы есірткіге қатысты ақпарат таратқан 250-ден астам ресурс пен аккаунт бұғатталған. Жалпы сандық кеңістікте есірткіні насихаттаған 1 095 ресурсқа шектеу қойылған. Қарағанды облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетовтың мәліметінше, сот шешімдері арқылы заңсыз жолмен алынған қаржы құралдарына тыйым салынып, криптовалюта активтерінің едәуір көлемі анықталған. Сонымен қатар «Қазақстан азаматтары», «Үміт» және «Шапағат» үкіметтік емес ұйымдарымен ынтымақтастық маңызды рөл атқарған. Есірткіні насихаттайтын жазбалар мен граффитилерді жою бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілген. 523 рейдтік шара барысында 13 мыңнан астам заңсыз жазба өшірілген. Ақпаратты заңсыз таратқаны үшін 7 адам, оның ішінде екі кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталған. Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Эльмира Маликованың айтуынша, балаларды есірткіден қорғау бағытындағы жұмыс бірнеше мекеменің бірлескен іс-қимылын талап етеді.
– Мен 2017 жылдан бері балалардың құқығын қорғау бағытында жұмыс істеп келемін. Әртүрлі отбасымен тығыз байланыстамын. Барлық проблеманы Қарағанды қалалық білім бөлімі, полиция мамандары және қалалық мәслихат депутаттарымен бірлесіп шешіп келеміз. Қоғамдық кеңесте де балалардың құқығын қорғау, оларды есірткіден сақтау мәселелері үнемі талқыланады, – деп атап өтті Қарағанды облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Эльмира Маликова.
2025 жылы кеңестің негізгі екпіні жастарға бағытталды. Білім беру дәрістері, дөңгелек үстелдер, интерактивті акциялар мен спорттық жарыстарды қамтыған 93 шара ұйымдастырылып, 8 мыңнан астам адам қамтылған. Мектеп оқушылары, колледж студенттері, түрлі ведомство мамандары және ата-аналар комитеттерімен мақсатты жұмыстар жүргізілген. Мамандардың пікірінше, мұндай кешенді және жүйелі шаралар есірткі қылмысының алдын алуға оң әсер етеді. Кеңес құрамын жаңа мүшелермен толықтыру туралы шешім қабылданып, түрлі ведомстволар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы үйлестіруді күшейту көзделіп отыр.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»


