Білім мен технологияны ұштастырған жоба
Қозғалыс датчиктерінен бастап интеллектуалды басқару қалқанына дейінгі заманауи цифрлық технологиялар енді Қарағанды техника және құрылыс колледжі студенттеріне қолжетімді. Оқу орнында болашақ мамандарды тәжірибелік даярлауға арналған «Ақылды үй» зертханасы ашылды. Жоба аясында білім беру үдерісіне цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін енгізуге басымдық берілген.
Зертхана «жылжымайтын мүлікті басқару» мамандығы және оған жақын бағыттарда білім алатын студенттер үшін арнайы жасақталған. Мұнда олар инженерлік жүйелерді орнату және қосу, жабдықтарды баптау мен бағдарламалау, датчиктер мен контроллерлермен жұмыс істеу, ақауларды анықтау және жою сияқты нақты тәжірибелік дағдыларды меңгереді.
Сонымен қатар студенттер автоматтандырылған басқару сценарийлерін құрастырып, жүйелердің жұмысын талдауды үйренеді. Инженерлік және цифрлық шешімдердің өзара байланысын түсіну де оқу бағдарламасының маңызды бөлігіне айналған.
Колледж директоры Әсел Сапарованың айтуынша, жаңа зертхана оқытудың практикаға бағытталған сипатын күшейтеді. Студенттер оқу барысында нақты нысандарда қолданылатын заманауи жабдықтармен жұмыс істеп, болашақ мамандығына қажетті сенімділік қалыптастырады.
Қазіргі ғимараттарда ресурстарды үнемдеу мен қауіпсіздікті арттыру үшін автоматтандырылған басқару жүйелері кеңінен қолданылады. Осыны ескере отырып, зертхана «ақылды үйдің» негізгі жүйелерін басқаруға арналған заманауи құрылғылармен жабдықталған.
Мұнда қазақстандық өндірістегі орталық басқару қалқаны орнатылған. Оның мөлдір панелі арқылы қосылу құрылымы мен модульдердің жұмыс логикасын егжей-тегжейлі көруге болады. Сонымен қатар Astana Hub резиденттері әзірлеген контроллерлер мен басқару модульдері пайдаланылады.
Зертханада қозғалыс, температура, жарықтандыру және су ағуын анықтайтын датчиктер бар. Бұдан бөлек, автоматты жарықтандыру жүйелері, бейнебақылау, ақылды есік құлыптары, жылыту мен желдетуді басқару, перделер мен жалюзилерді автоматты реттеу шешімдері ұсынылған. Барлық жүйелер мобильді қосымшалар мен дауыс арқылы басқару сервистері арқылы бапталады.
Мұндай технологиялармен оқу барысында танысу студенттердің кәсіби мүмкіндігін кеңейтеді. Олар еңбек нарығында сұранысқа ие заманауи дағдыларды меңгеріп, бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасады.
Колледж басшылығының айтуынша, зертхананың іске қосылуы дуальды оқыту жүйесін дамытуға да жол ашады. Бұл жұмыс берушілердің талаптарына сай, өндірістің нақты жағдайларына бейімделген мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Осылайша, жаңа «Ақылды үй» зертханасы – білім мен технологияны ұштастырған маңызды жоба. Ол студенттердің теориялық білімін нақты тәжірибемен толықтырып, болашақта табысты жұмыс істеуіне берік негіз қалайды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»


