Өрт қауіпсіздігі: ТЖ қызметкерлерінен нұсқаулық
Қарағанды қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы қала тұрғындарына ұзақ жанатын пештер мен жылу қазандықтарын қауіпсіз қолдану бойынша түсіндіру жұмыстарын өткізді. Шара барысында мамандар пештерді дұрыс орнату, пайдалану және мұржаларды уақытылы тазалау ережелерін түсіндіріп, өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптарын еске салды.
Қалалық ТЖБ инженері, аға лейтенант Сағи Ерболовтың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда пеш пен жылу қазандықтарынан шығатын өрт оқиғаларының пайызы артқан. «Жылыту маусымы басталғалы бері қазандықтардың 3 жарылысы тіркелді. Соның салдарынан екі адам қаза тауып, бір адам зардап шекті. Бұл – пештер мен ұзақ жанатын қазандықтарды дұрыс пайдаланбаудың нәтижесі», – деді ол.
Мамандар халықты пеш жағу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, жанған пешті қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ жабдықты уақтылы техникалық тексеруден өткізуді ескертті. Сондай-ақ, пештің жанына тез тұтанатын заттар мен жанғыш материалдарды қоймау қажеттігі атап өтілді.
Қарағанды ТЖБ өкілдері мұндай түсіндіру жұмыстары өрт пен көмірқышқыл газынан уланудан қорғау мақсатында жүйелі түрде жүргізілетінін айтты.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»


