Құқықтық сауаттылық – қылмыстың алдын алу

Қарағанды қаласындағы Ж.К.Бөкенов атындағы Қарағанды банк колледжінде студенттерге арналған профилактикалық кездесу өтті. Шара «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы негізінде жүзеге асырылып жатқан «Құқық тәртібі әліппесі» жобасы аясында ұйымдастырылды. Қарағанды облысының прокуратурасы мен өңірлік Полиция департаментінің өкілдері жастарға қылмыстық схемаларға қалай тартылмауға болатынын және жеке деректерді қалай қорғау керектігін түсіндірді.

Кездесуге қаладағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері жиналды. Негізгі мақсат – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы қылмыстың алдын алу. Кездесуді ашқан облыс прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов қаскүнемдер жас азаматтардың сенгіштігі мен өмірлік тәжірибесінің аздығын пайдаланып, оларды интернет-алаяқтықтан бастап заңсыз қаржылық операцияларға қатысуға дейінгі құқыққа қайшы схемаларға тартып кететінін атап өтті. Оның сөзінше, бұл жағдай жастардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуына әкелуі мүмкін.

Студенттерге заңнама нормалары еске салынды, ақпараттық қауіпсіздік ережелері түсіндірілді және жеке деректерді үшінші тұлғаларға берудің тәуекелдері жан-жақты баяндалды. Сонымен қатар, күмәнді онлайн-жобаларға қатысу немесе «жеңіл табыс» ұсынатын ұсыныстардың салдары ауыр құқықтық жауапкершілікке әкелетіндігі ерекше ескертілді.

Кездесу интерактивті форматта өтті: студенттерге профилактикалық бейнеролик көрсетіліп, дәрістер мен тақырыптық ойындар ұйымдастырылды. Бұл жастарға алған білімді практикада бекітуге мүмкіндік берді. Колледж басшылығы мұндай шаралардың жастардың құқықтық ұстанымын қалыптастыруға, мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыруға және заңға құрмет сезімін дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Студенттер диалогқа белсенді қатысып, сұрақтар қойды және құқық бұзушылықтардың алдын алу ісінде құқық қорғау органдарына қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»