Қарағандыда өндірісті цифрландыру үдерісі күшейіп келеді
Қарағанды қаласында өндіріс орындарын цифрландыру жұмыстары қарқын алды. Бүгінде зауыттарда жасанды интеллект пен 3D технологиялар кеңінен енгізіліп, өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік беруде. Заманауи шешімдердің кәсіпорындардағы жұмыс барысы журналистерге таныстырылды. Жаңа технологиялар өнім сапасын жақсартып, өндіріс процесін оңтайландыруға жол ашып отыр.
Алғашқы нысан – «Транзит» компаниясы. Бұл кәсіпорында өндірістік бөлшектерді әзірлеу үшін Teleport 3D жасанды интеллект платформасы қолданылады. Жүйе сызбаларды автоматты түрде талдап, бөлшектердің жобалануын оңтайландырады және дайындау процесін едәуір жылдамдатады. Нәтижесінде өндіріс тиімділігі артып, уақыт пен ресурстар үнемделеді.
– Біз қызметімізді жасанды интеллект кеңінен мойындалып, нақты нәтижелер бере бастаған уақытта бастадық. Командамыз арнайы дайындықтан өтіп, кәсіби курстарға қатысып, бұл технологияны терең әрі жан-жақты меңгерді. Кейін алған біліміміз бен тәжірибемізді кәсіпорнымыздың жұмысына енгіздік. Біздің жасанды интеллект жүйесі өзіміз қалыптастырған дерекқор мен жинақталған тәжірибеге сүйенеді. Бұл интернеттен ақпарат іздеп жауап беретін жай ғана ChatGPT емес. Жүйемізде ГОСТ талаптары, өндірістік стандарттар және технологиялық карталар қамтылған жабық технологиялық база бар. Соның нәтижесінде жауаптардың дәлдігі шамамен 99%-ға дейін жетеді. Сонымен қатар, біз өзіміздің жеке AI-агенттерімізді әзірлеп, оларды өндірістік процестерге бейімдеп енгіздік, – деді «Транзит» ЖШС директоры Данил Ращупкин.
Компания қызметі әртүрлі қозғалтқыш түрлерін, авиациялық өндіріс саласын және күрделі техникалық бөлшектерді қамтиды. Тапсырыс берушінің бағыты мен қажеттілігіне қарай, кәсіпорын өндірістік процестерді ұйымдастыруда, жобалауда және техникалық қолдауда кез келген саладағы компанияларға кәсіби көмек көрсете алады.
– Хирург бізге МРТ түсірілімдерін жолдайды, ал біз оларды жүйеміз арқылы өңдеп, үш өлшемді модельге айналдырамыз. Дайын 3D-модельдің көмегімен патологиялық тістердің, буындардың немесе қан тамырларының нақты орналасуын жоғары дәлдікпен анықтаймыз. Осы деректер негізінде хирургке арналған арнайы бағыттаушы шаблон әзірлейміз. Нәтижесінде ота барысында теріні кең көлемде кесудің қажеті болмайды – шағын ғана тілік жеткілікті. Дәрігер біздің шаблонды дәл қажетті аймаққа орналастырып, хирургиялық әрекетті нақты жоспарланған бағыт бойынша орындайды, – дейді «АТ» өндірістік бөлімінің жетекшісі Владислав Шуваев.
Келесі нысан – «Казпромалюминий» компаниясы. Бұл кәсіпорында алюминий конструкцияларын цифрлық форматта жобалау кеңінен қолданылады, сондай-ақ заманауи HFS фасад жүйесі енгізілген. Инженерлік есептеулер арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы орындалып, жобалардың нақтылығы мен құрылыс процесінің тиімділігі жоғары деңгейде қамтамасыз етіледі.
– Біздің өндірістік желі әртүрлі мақсатқа арналған профильдерді шығаруға бейімделген – өндірістік-техникалық бағыттағы да, құрылыс саласына қажетті өнімдер де дайындалады. Бұдан бөлек, жарықдиодты көше шамдарына арналған арнайы дайындамалар өндіреміз. Барлық өнім тапсырыс берушінің техникалық талаптары мен өлшемдеріне сәйкес әзірленеді. Өндіріс процесінде белгілі бір көлемде технологиялық қалдықтар, яғни кесінділер мен аздаған ақауы бар материалдар пайда болады. Алдағы уақытта осы қалдықтарды қайта өңдеу бағытын дамытуды көздеп отырмыз. Қазір инвестициялық бағдарлама аясында қайталама өндірісті іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде, бұл болашақта пайдаланылған материалдарды қайта өңдеп, олардан дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті «KazPronAluminum» компаниясының технологиялық даму жөніндегі бас инженері Иван Половинкин.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, өңірде шағын және орта бизнес субъектілеріне, сондай-ақ жаңадан құрылған кәсіпорындарға мемлекет тарапынан түрлі қолдау шаралары ұсынылады. Қазіргі уақытта облыс бойынша 50 әлеуметтік кәсіпкер ресми тіркелген. Соның ішінде 15 кәсіпкер мемлекеттік қолдау бағдарламаларының игілігін көрген.
– Өткен жылы екі мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісіне мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның аясында жаңа жобалар қаржыландырылып қана қоймай, бұрын іске асқан бастамалар бойынша кредиттік пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жұмыстары да жүргізілді. Мұндай инвестициялық қолдау тетіктері мен әлеуметтік бағдарламалар өңірде қолайлы бизнес орта қалыптастырып, инвестиция тартуға кең мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл шаралар инвесторлардың тәуекелдерін төмендетіп, жаңа жобалардың табысты жүзеге асуына жол ашады, – деді кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысының орынбасары Сержан Қапаев.
Мамандардың айтуынша, осындай заманауи технологиялар мен мемлекеттік қолдау тетіктері өндіріс орындарының бәсекеге қабілетін күшейтіп, өңір экономикасының қарқынды дамуына ықпал етеді. Цифрландыру бүгінгі күннің басты талаптарының біріне айналды. Ал Қарағанды қаласындағы кәсіпорындар инновациялық шешімдерді белсенді енгізу арқылы тұрақты дамуға бағыт алып, болашаққа сенімді қадам басып келеді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»


