Қарағандылықтар Әлем кубогында 11 медаль олжалады

Көркем жүзуден Әлем кубогының алғашқы кезеңінде қарағандылық спортшылар табысты өнер көрсетіп, 11 медаль жеңіп алды. Жарыс Медельин қаласында өтті.

Облыс құрамасы қоржынға үш алтын, бес күміс және үш қола медаль салды.

Карина Магрупова, Ксения Макарова және Наргиза Болатова топтық еркін бағдарламада 189,9 ұпай жинап, алтын тұғырға көтерілді.

Акробатикалық бағдарламада аталған спортшылар Виктор Друзинмен бірге күміс жүлдеге ие болды.

Сондай-ақ Виктор Друзин мен Наргиза Болатова микс-дуэттің еркін бағдарламасында қола медаль жеңіп алса, Виктор Друзин жеке техникалық бағдарламада да қола жүлдегер атанды.

Осылайша, қарағандылықтар жаңа маусымды жарқын жеңістермен бастап, халықаралық аренада жоғары дайындықтарын дәлелдеді.

Қарағанды облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты негізінде