Экология мамандығын таңдаған студенттерге ашық зертхана таныстырылды

Қарағанды облысы бойынша Экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің сынақ зертханасында Ашық есік күні өтті. Шара академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің биологиялық-географиялық факультетінде «Экология» мамандығы бойынша білім алып жатқан 3-курс студенттеріне арналды.

Ашық есік күні ҚР Табиғи ресурстар және экология министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Медиа-жоспарын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Шара барысында сынақ зертханасының басшысы студенттерге бөлімнің қызметі, негізгі міндеттері мен құрылымдық бөлімшелері туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Зертхана мамандары қатысушыларды әрбір құрылымдық топтың жұмыс бағытымен таныстырып, қоршаған ортаның сапасын бақылау қалай жүргізілетінін түсіндірді. Республикалық және халықаралық стандарттарға сәйкес экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ауа, су және топырақтағы ластаушы заттарды анықтаудың зертханалық-талдамалық әдістері көрсетілді.

Сонымен қатар заманауи өлшеу құралдарына шолу жасалып, химиялық талдау тәсілдерінің ерекшеліктері түсіндірілді. Студенттер зертхананың күнделікті жұмысы, қолданылатын құрал-жабдықтар мен зерттеу үдерістері туралы белсенді сұрақтар қойып, мамандардан жан-жақты жауап алды.

Шара соңында қатысушылар мұндай танымдық кездесудің болашақ мамандар үшін маңызы зор екенін атап өтіп, ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді.

Қарағанды облысы бойынша Экология демартаментінің ақпараты негізінде