Қарағанды облысында халық саны азаюда

2025 жылы Қарағанды облысының халқы шамамен 2,5 мың адамға азайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, бір жыл ішінде өңір халқы шамамен 2,5-2,6 мың адамға қысқарған. Бұған екі негізгі фактор әсер етіп отыр: туу көрсеткішінің төмендеуі және көші-қон сальдосының теріс болуы.

2026 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша облыста 1 131,3 мың адам тұрады. Өңір елдегі ең урбанизацияланған аймақтардың бірі болып қала беруде: халықтың 82,5 пайызы қалаларда, 17,5 пайызы ауылдық жерлерде шоғырланған. Әйелдер үлесі – 52 пайыз, ерлер – 48 пайыз.

2025 жылы облыста 13 689 сәби дүниеге келіп, туу деңгейі 11,5 пайызға төмендеген. Табиғи өсім бір жарым есеге қысқарған. Сонымен қатар көші-қон да демографиялық жағдайға кері әсер етуде: бір жыл ішінде облысқа 20 523 адам келсе, 26 220 адам өңірден көшіп кеткен. Теріс көші-қон сальдосы 5 697 адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда аздап төмендегенімен, халық санының кему үрдісі сақталуда.