Болашаққа арналған капитал неге пайдаланылмай жатыр?
Қазақстанда іске асырылып жатқан «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы – ел тарихындағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған ең ауқымды жобалардың бірі. Бағдарламаның басты мақсаты – ұлттық ресурстардан түсетін табысты болашақ ұрпақтың игілігіне бағыттау және әрбір баланың экономикалық әлеуетін арттыру.
Аталған бастама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында жарияланды. Президент ұлттық байлық әрбір азаматқа бала кезінен бастап нақты әрі тікелей пайда әкелуі тиіс екенін атап өтіп, табиғи ресурстардан түсетін табыс нысаналы түрде және тең дәрежеде бөлінуі қажет деген ұстанымды алға тартқан болатын.
Бағдарламаны іске асыру 2024 жылғы 1 қаңтардан басталды. Бүгінде оған 2006 жылдан бастап туған Қазақстан Республикасының барлық балалары қатысады. Жоба іске қосылған сәттен бастап 6,9 миллионнан астам бала қамтылған.
Бағдарламаның қаржылық тетігі Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызын жыл сайын балалардың арнайы мақсатты жинақтау шоттарына аударуға негізделген. Қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке шоттарда жинақталып, пайдалануға дейін инвестицияланады. Азамат бұл ақшаны 18 жасқа толғанға дейін ала алмайды.
Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы әр балаға 100,52 АҚШ доллары есептелсе, 2025 жылы бұл сома 129,38 долларға жетті. Ал 2026 жылдың қаңтарындағы кезекті есептеу нәтижесінде әр балаға 130,71 АҚШ доллары көлемінде қаражат аударылды. Үшінші жыл қатарынан бағдарламаға қатысып отырған балаға есептелген жиынтық сома инвестициялық кірісті қоса алғанда 370 доллар 56 центті құрап отыр.
Қанша адам ақшасын пайдаланды, қаншасы пайдаланбады?
Бағдарлама шеңберінде 2024 жылы 304 815 жас азамат жинақталған қаражатты пайдалану құқығына ие болды. Ал 2026 жылы тағы 356 613 қазақстандық 18 жасқа толып, өз мақсатты жинақтарын пайдалана алады.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мақсатты жинақтарды пайдалану туралы 205 505 өтініш орындалған. Аударылған қаражаттың жалпы көлемі 31,61 млн АҚШ долларынан асты. Оның ішінде:
– 127 445 өтініш бойынша 19,69 млн АҚШ доллары тұрғын үй жағдайларын жақсартуға;
– 78 060 өтініш бойынша 11,92 млн АҚШ доллары білім алу ақысын төлеуге бағытталған.
Алайда сарапшылардың айтуынша, пайдалануға құқығы бар азаматтардың басым бөлігі әлі күнге дейін өтініш бермеген. Соның салдарынан шоттарда шамамен 80 млн АҚШ долларына жуық қаражат жинақталып тұр.
Неге жастар асығар емес?
Мамандар бірнеше негізгі себепті алға тартады. Біріншіден, жастар мен ата-аналардың бір бөлігі бағдарламаның шарттары мен мүмкіндіктерін толық білмеуі мүмкін. Екіншіден, кейбір азаматтар тұрғын үй алуды немесе оқуға түсуді кейінге қалдырып, қаражатты болашақта пайдалануды жоспарлайды. Үшіншіден, бірқатар жас үшін жинақ көлемі ірі шығындарды толық жабуға жеткіліксіз болып көрінуі мүмкін.
Сонымен қатар мақсатты жинақтарды алу тетігі қатаң регламенттелген. Қаражат тек уәкілетті операторлар арқылы аударылады және тек тұрғын үйге немесе оқу ақысын төлеуге бағытталады. Қолма-қол немесе еркін мақсатта алу көзделмеген.
Пайдаланылмаған қаражаттың тағдыры қандай?
Қолданыстағы ережелерге сәйкес, егер азамат қаражатты толық пайдаланбаса, пайдаланылмаған қалдық оның мақсатты жинақтау шотында сақтала береді. Яғни ақша жоғалмайды, әрі қарай инвестицияланып, көлемі ұлғаюы мүмкін.
Сарапшылар бұл механизм жастарды қаржылық тәртіпке үйретуге және ұзақ мерзімді жоспар құруға ынталандырады деп есептейді.
«Ұлттық қор – балаларға» – болашаққа бағытталған стратегиялық бағдарлама. Ол жас қазақстандықтарға алғашқы қаржылық капитал қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алайда бүгінгі жағдай ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтудің, әсіресе 18 жасқа толған жастар арасында бағдарлама мүмкіндіктерін кеңінен насихаттаудың маңызын көрсетіп отыр.
Мақсат – шоттағы қаражаттың жай ғана жиналып қалуы емес, оны білім мен баспанаға бағыттап, елдің адами капиталын арттыру. Осы тұрғыда мемлекет, қоғам және отбасы бірлесіп әрекет еткенде ғана бастама толыққанды нәтижесін береді.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

