Қарағанды облысында экологиялық туризм қарқын алып келеді

Қарағанды облысында экологиялық туризмді дамыту және демалушыларға арналған заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастыру өңірлік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр. Бұл бағытта ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттер кезең-кезеңімен әрі жүйелі түрде жүзеге асуда. Мемлекет басшысы өз Жолдаулары мен ресми кездесулерінде туризм саласын экономиканың жаңа драйвері, өңірлерге инвестиция тартудың тиімді тетігі ретінде бірнеше мәрте атап өткен болатын.

Осы стратегиялық мақсаттар аясында Қарағанды облысында табиғи әлеуетті тиімді пайдалану, ішкі және сыртқы туристерді тарту, сондай-ақ жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған кешенді жобалар қолға алынуда.

Өңірдегі негізгі туристік аумақтардың бірі – Қарқаралы ауданы. Табиғаты көркем бұл өңірде облыстағы барлық орман қорының 90 пайыздан астамы шоғырланған. Ал Қарқаралы қаласының өзі тарихи-мәдени мұрасы мен ерекше табиғи ландшафты арқылы облыстың ғана емес, тұтас өңірдің визит карточкасына айналып отыр. Бүгінде ауданда 40-қа жуық демалыс аймағы жұмыс істейді, туризм саласында 300-ден астам адам еңбек етуде. Тек өткен жылдың жазғы маусымының өзінде Қарқаралы өңіріне шамамен 20 мың турист келген.

Ішкі туризмнің дамуына көлік инфрақұрылымының жаңаруы да айтарлықтай серпін беріп отыр. Қазіргі таңда Қарағанды – Қарқаралы автожолында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жолдың сапасының жақсаруы туристердің қауіпсіз әрі қолайлы қатынауын қамтамасыз етіп, өңірдің қолжетімділігін арттырмақ. Сонымен қатар табиғат аясында демалушыларға жайлы жағдай жасау мақсатында инженерлік және сервистік инфрақұрылымды дамытуға да баса назар аударылуда.

Соның жарқын мысалы – Бұғылы тауының етегінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды рекреациялық жоба. Аумағы 75 гектарды қамтитын бұл аймақ мемлекеттік ұлттық табиғи паркпен шектесіп жатыр. Жоба бірнеше функционалдық аймаққа бөлінген: тыныш демалысқа арналған аймақ, этноауыл, ойын-сауық паркі, демалыс үйлері, сондай-ақ тау шаңғысы кешенін салу жоспарланған. Бұл бастама жыл бойы турист қабылдауға мүмкіндік беретін әмбебап орталық құруды көздейді.

Болашақ туристік нысандарды іске қосу үшін инженерлік инфрақұрылым алдын ала дайындалуда. Атап айтқанда, шамамен 16 шақырым электр желісі тартылып, су құбыры мен кәріз жүйелері жүргізілген. Сонымен бірге кіреберіс жолды жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Жер телімдері ашық конкурс арқылы инвесторларға ұсынылмақ, бұл өз кезегінде бәсекелестікті арттырып, сапалы жобалардың жүзеге асуына жол ашады.

Өңірде эко және этнотуризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қарқаралы мен оның айналасында ұлттық нақыш пен заманауи жайлылықты үйлестірген қонақ үйлер, глэмпинг кешендері мен этноауылдар бой көтеріп келеді. Соның ішінде шағын қонақүй деңгейінде жабдықталған, барлық қажетті санитарлық тораптары, жатын орындары мен демалыс аймақтары бар киіз үйлер туристер арасында үлкен сұранысқа ие.

Туризм саласының дамуына мемлекеттік қолдау шаралары да елеулі үлес қосып отыр. Бұл тек туристік инфрақұрылымды кеңейтуге ғана емес, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік беруде.

Осындай қолдаудың игілігін көріп отырған кәсіпкерлердің бірі – «Орман» қонақ кешенінің иесі Жанат Жетенова.

– Біз шамамен екі жыл бұрын жұмысымызды бастадық. 200 жыл бұрын салынған ескі үйді сатып алып, оны ретро стильде қайта жаңғырттық. Сонымен қатар қосымша шағын үйлерді өз күшімізбен салдық. Ай сайын орта есеппен бір жарым мыңға жуық қонақты қабылдаймыз. Олардың арасында қазақстандықтармен қатар шетелдік туристер де бар. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін кеңінен таныстыру мақсатында киіз үйлер орнаттық, – дейді кәсіпкер.

Ал кәсіпкер Айжан Оңғарбай жеке қаражаты, сондай-ақ гранттық және қарыз қаражаттары есебінен заманауи глэмпинг кешенін іске қосқан. Оның айтуынша, табиғат аясындағы жайлы әрі экологиялық таза демалыс форматына деген сұраныс жылдан жылға артып келеді.

Қарқаралы ауданында туризмді кешенді дамыту мақсатында инфрақұрылымнан бастап кадр даярлауға дейінгі барлық бағытты қамтитын арнайы жол картасы әзірленген. Бұл құжат өңірдің туристік әлеуетін толық іске асыруға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және Қарағанды облысын еліміздегі жетекші туристік бағыттардың біріне айналдыруға бағытталған.

Ералы ҒАНИ,

«QH»