Аймақ баспасөзі: бүгінгі бет-бейне
2 ақпан – Ұлттық басылым күні. Баспасөз – қоғамның тыныс-тіршілігін айқындайтын маңызды құрал. Бүгінде Қарағанды облысында 197 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Соның ішінде 21 мерзімді басылым оқырмандарға үздіксіз ақпарат ұсынып келеді. Алайда бүгінгі таңда аймақтық баспасөздің мазмұны, кәсіби деңгейі мен сапасы қандай деген өзекті сұрақтар күн тәртібінде тұр.
«Ortalyq Qazaqstan» басылымы Қарағанды өңірінің рухани тынысын дәл жеткізіп, халықтың мұң-мұқтажын мінберге айналдырды. Отандық баспасөз нарығында айрықша орнын айқындап, аймақтағы журналист мамандар үшін шеберхана рөлін атқарады. Ақпарат таратуда дәстүрлі журналистика мен жаңа медианың мүмкіндіктерін біріктіріп, оқырман сенімін ақтап отыр.
– Баспасөз күні – біздің кәсіби миссиямызды еске салатын ерекше күн. Өңірлік газеттер халықтың дауысы болып, қоғамдық мәселелерді жеткізеді, азаматтық позиция қалыптастырады. Дәстүрлі журналистика мен жаңа медианы ұштастыра отырып, оқырманға сенімді ақпарат ұсынып отырмыз. Ең үлкен жетістігіміз – оқырман сенімі, бұл бізге жұмысты одан әрі жетілдіруге шабыт береді. Барлық оқырманға ақ ақпарат пен дұрыс бағдар тілеймін, – дейді «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабеков.
Гаджеттер дамыса да, газеттің орнын толық басу мүмкін емес. Бүгінгі басылымдардың міндеті – оқиғаларды талдап, сараптау және қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеру. Сарапшылардың пікірінше, бастысы «Қазақ» газетінің идеясы мен баянды жолы жалғасын табуы қажет.
– Баспасөз күні – біз үшін тек кәсіби мереке ғана емес, ақпарат арқылы қоғаммен байланыс орнататын маңызды сәт. Бүгінгі заманда жаңалықтар тез таралып, цифрлық платформалар алға шықса да, газеттің орны бөлек. Оқиғаны сараптау, талдау жасау, қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеру – бүгінгі журналистің негізгі міндеті. Оқырманның сенімі – ең басты жетістігіміз, сол сенімнен шыққан жауапкершілік әр күні бізді ізденуге ынталандырады. Барлық әріптесті кәсіби мерекемен құттықтап, оқырманға сапалы, шынайы ақпарат жеткізуді тілеймін, – деп қосты «Qaragandy habary» газетінің тілшісі Қанағат Жиенқұлова.
Сапалы сөз бен терең ой – баспасөздің басты бағыты. Ақпарат айдынының тасқыны күшейген бүгінгі заманда оқырман сапалы контентке деген сұранысын арттыра түсуде. Өңірлік басылымдар бұл жауапкершілікті сезініп, тек шынайы және сенімді ақпаратты жеткізуді басты міндет санайды.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»

