Жас техниктердің жұлдызды сәті
Қарағанды облысының оқушылары Astana FIRST Qualifier республикалық робототехника чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, өңір мерейін үстем етті. Аймақтың қалалары мен мамандандырылған лицейлерінен барған командалар жүлделі орындарға ие болып, Орталық Азия чемпионатына жолдама жеңіп алды.
Astana FIRST Qualifier – халықаралық FIRST білім беру қозғалысының Қазақстандағы республикалық кезеңі. Биылғы маусым археология тақырыбына арналды. Қатысушылар автономды роботтар құрастырып қана қоймай, инженерлік және цифрлық шешімдер ұсынды. Сонымен қатар мәдени мұраны сақтау, археологиялық қазба жұмыстарының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған зерттеу жобаларын қорғады.
Жарыста ең жоғары нәтижелердің бірін Қарағандыдағы «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының командалары көрсетті. Astana FIRST & DRONES CHAMPIONSHIP 2026 халықаралық турнирінде Орталық Азия бойынша бақ сынаған Asian Sharks пен Ancient T-REX командалары 88 команда арасынан тиісінше бірінші және екінші орындарды иеленді.
Командалар жетекшілерінің бірі Назира Смағұлова бұл жарыстың ерекшелігі тек робот жасаумен шектелмейтінін атап өтті.
– Мұнда идеяны қорғау, командалық жұмыс және негізгі құндылықтарды көрсету маңызды. Әр қатысушының өз міндеті бар: бірі Core Values номинациясында жобаны таныстырса, енді бірі автономды роботты дайындап, «Робот ойыны» кезінде миссияларды орындайды. Қазір қазылар алқасының ұсынымдарын ескере отырып, дайындықты күшейтіп жатырмыз. Бұл балалар үшін ғылым мен технология саласында алға басуға үлкен серпін, – дейді ол.
Ancient T-REX командасының мүшесі Абылайхан Жанболатұлы ұсынған жобаның археологияны IT-технологиялармен және ойын форматымен ұштастыруға бағытталғанын айтты. Команда археологиялық тақырыпты оқушыларға барынша түсінікті ету үшін 3D-модельдеу элементтері мен интерактивті тапсырмалары бар цифрлық өнім әзірлеген.
Ал Asian Sharks командасы Қарағанды өңірі үшін өзекті саналатын жерасты шахталарындағы қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударды. Ұсынылған шешімді археология саласында да, тау-кен өнеркәсібінде де қолдануға болады.
– Біз қауіпті аймақтарды алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін көпфункционалды робот пен цифрлық платформаны жасадық. Робот арнайы датчиктермен жабдықталған, ал адам оны қашықтан басқара алады. Бұл жұмыс барысында адам өміріне төнетін қатерді азайтады, – дейді команда мүшесі Адия Шамелова.
Қарағандыдағы «Білім-Инновация» №1 лицейінің оқушылары да жарыста жоғары деңгейде өнер көрсетті. FIRST LEGO League Challenge санатында оқу орнынан төрт команда қатысып, нәтижесінде Spectral және Heptory командалары Орталық Азия кезеңіне жолдама алды. Қалған командалар инженерлік және мотивациялық номинациялармен марапатталды.
Сондай-ақ «Білім-Инновация» №2 лицейінің қыздардан құралған Error 404 және Sparks командалары да табысты нәтиже көрсетті. Алдымен олар тек қыздар қатысатын First Ladies Regional турниріне қатысып, кейін Astana Drone and Robot First Qualifier кезеңінде бақ сынады. Бұл кезеңде еліміздің өңірлері мен Астанадан келген 80 команда өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде екі команда да робот ойыны бойынша үздік жиырмалыққа еніп, Core Values аталымында екінші орын иеленді.
Қарағанды облысынан шыққан ең жас жеңімпаздар – Саран қаласындағы №17 мектеп-гимназияның Robo Stars Saran командасы. Жасы небәрі 9-10 жастағы оқушылар өз санатында чемпион атанып, елдің бес облысынан келген елуге жуық қарсыласын артта қалдырды. Олардың жобасы археология саласында STEM-шешімдерді қолдануға арналды.
– Біз бұл жобамен жаздан бері айналысып келеміз. Балалар қазба жұмыстарына барып, нақты мәселелерді өз көзімен көрді, инженерлік шешімдер іздеуді үйренді. Екі күн бойы жобаларын қорғап, интерактивтер өткізіп, командалық рухты көрсетті. Бұл үлкен төзімді талап етті, бірақ олар сыннан сүрінбей өтті, – деді команда жаттықтырушысы Әсел Ақшалақова.
Өңір қоржынына тағы бір жеңісті «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының JelToqSun командасы салды – олар өз санатында бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар M2T және Astrix командалары инженерлік шеберлігі үшін марапатталып, Орталық Азияның келесі кезеңіне жолдама алды.
Қарағанды облысының оқушылары бұл жарыста робототехника тек технология ғана емес, ой, ізденіс пен командалық еңбектің нәтижесі екенін дәлелдеді. Бұл жетістіктер өңірде инженерлік білім мен инновациялық ойлаудың қарқынды дамып келе жатқанын айқын көрсетіп отыр.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

