Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова Қарағанды өңірінің кәсіпкерлерімен кездесу өткізді. Басқосуда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жолындағы өзекті мәселелер көтеріліп, бұл саладағы кедергілерді азайтуға бағытталған бірқатар нақты ұсыныс ортаға салынды. Кездесу барысында бизнес өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, заңнаманы жетілдіру қажеттігін атап өтті.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Екатерина Смолякова жиын барысында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға қатысты заңнаманы жетілдіру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін кеңейту жөніндегі көзқарасын білдірді. Ол әлеуметтік кәсіпкерліктің халықтың осал топтарына көмек көрсетудегі, жаңа жұмыс орындарын ашудағы және өзекті әлеуметтік мәселелерді шешудегі маңызды рөліне ерекше тоқталды.
– Бүгінгі кездесуіміз әлеуметтік кәсіпкерлік тақырыбына арналды. Мәжіліс депутаты ретінде жұмыс істеп жүргеніме бір жыл болды, осы уақыттан бері мен бұл мәселені үнемі көтеріп келемін. Менің ойымша, әлеуметтік кәсіпкерлік – қоғамдағы ең өзекті проблемаларды шешуге бағытталған кәсіпкерлердің қызметі, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова.
Тәжірибелі сарапшылар мен бизнес қауымдастық өкілдері әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мақсатында қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, салықтық жеңілдіктер беру және инфрақұрылымдық қолдауды күшейту жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Қуантатыны – өңірімізде әлеуметтік кәсіпкерлік санатына жататын кәсіпкерлердің қатары жыл сайын көбейіп келеді.
– Ерекше қажеттілігі бар жандарды жұмыспен қамту, сондай-ақ «Күміс жас» жобасы аясында азаматтарды жұмысқа тарту сияқты бағыттарда әлеуметтік кәсіпкерліктің маңызы зор. 2024 жылы өңірімізде бұл санат бойынша реестрге небәрі 18 адам тіркелсе, қазіргі таңда олардың саны 52-ге жетті. Яғни бүгінде 53 кәсіпкер әлеуметтік кәсіпкерлік реестрінде ресми түрде тіркелген, – дейді Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Расул Қасенхан.
Жиынға қатысқан білікті сарапшылардың пікірінше, елімізде әлеуметтік кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Дегенмен олар бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау шаралары мен жеңілдіктерді әлі де кеңейту қажет екенін атап өтті.
– Мемлекеттік емханалар мен мекемелер бар. Сол ғимараттардағы бос кеңселерді әлеуметтік кәсіпкерлерге жеңілдетілген жалға беру арқылы пайдалану мүмкіндігі бар. Мұндай тәсіл тіпті сол емханаларға қажетті мамандардың орнын толықтыруға көмектесуі мүмкін. Білім саласында да осылай істеуге болады. Тәжірибелі мамандарды тарту және кадр мәселелерін шешу осы жолмен тиімді жүзеге асады деп ойлаймын, – деп атап өтті, «Respublica» партиясының өңірлік кеңесінің мүшесі Даурия Байқонова.
– Біз әр ұсыныстың тиімділігін саралап, кейін оны министрлікке жолдайтын боламыз. Сонымен қатар отбасылық кәсіпкерлік пен әлеуметтік кәсіпкерлікке қатысты қосымша нормалар енгізу және арнайы мәртебе беру бойынша да жұмыстар жүргізілетін болады. Бүгінгі жиынымыздың басты мақсаты да осы бағыттарды нақтылап, іске асыру болып табылады, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова.
Кездесу барысында басты мәселе нақты көрсетілді. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, ерекше қажеттілігі бар адамдарды жұмыспен қамтып, олардың қоғамға бейімделуін қолдау.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

