Үздік сынып жетекші

Қарағанды облысында жалпы білім беретін мектептер арасындағы «Үздік сынып жетекшісі» облыстық байқауы өз мәресіне жетті. Бірнеше кезеңнен тұратын кәсіби додада педагогтердің тәрбие жұмысындағы тәжірибесі, жаңашыл көзқарасы мен нәтижелі әдістері сарапқа салынды. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Ә.Ермеков атындағы мектеп-лицейдің сынып жетекшісі Өмірсерік Несіпбаевқа бұйырды.

Жеңімпаз ұстаздың айтуынша, сыныппен жүргізілетін жұмыстың негізгі тірегі – жеке үлгі мен күнделікті қарым-қатынас. Ол тәрбиенің өзегіне адалдық құндылығын қояды. Педагог балаларға маңызды қасиеттерді тек арнайы сынып сағаттары немесе шаралар арқылы ғана емес, ең алдымен, күнделікті іс-әрекет пен ашық диалог арқылы сіңіруге тырысады.

– Оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуында жауапкершілік, өзіне деген сенім, еңбекқорлық және қателіктерден сабақ ала білу аса маңызды. Баланың өз ойын еркін жеткізіп, пікірін ашық айтуына жағдай жасауға ерекше мән беремін. Бұл байқаудағы жеңіс – басты мақсат емес, атқарылған жұмысты саралап, жаңа белестерге ұмтылуға берілген мүмкіндік. Ең құндысы – шәкірттермен бірге үнемі үйреніп, қатар дамып отыру, – дейді Өмірсерік Несіпбаев.

Ол жетекшілік ететін 6 «ә» «Самұрық» сыныбының атауы да терең мағынаға ие. Ұстаздың айтуынша, «Самұрық» – биік мақсаттарға ұмтылу, даму мен үздіксіз ілгерілеудің символы. «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында бұл сыныпта дәстүрлі тәсілдермен қатар авторлық жобалар да жүзеге асырылып келеді. Негізгі басымдық оқушылардың зияткерлік әлеуетін арттыруға, үстірт білімге жол бермеуге, білім олқылықтарын жүйелі түрде толықтыруға және өзін-өзі дамыту дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

Сынып жетекшісі ата-аналармен тығыз байланыс орнатуды да маңызды санайды. Мектеп пен отбасының өзара серіктестігі баланың жан-жақты дамуы мен тұлға ретінде қалыптасуында шешуші рөл атқарады. Сондықтан тәрбиелік жұмыста ата-аналармен бірлесе әрекет етуге айрықша көңіл бөлінеді.

Айта кетейік, сынып жетекшілері арасындағы байқау үш кезеңде – мектептік, қалалық және облыстық деңгейде ұйымдастырылды. Қорытынды кезеңге 15 педагог жолдама алып, өздерінің тәрбие жұмыстарының нәтижесін көпшілікке таныстырды. Қатысушылар кейс-сессияға қатысып, «Адал азамат» бағдарламасы аясында әзірлеген авторлық сынып сағаттарының жобаларын қорғады.

Байқау барысында педагогтерге оқушылар ұжымын ұйыстыра білу, қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру және тұлғалық дамуға бағытталған креативті тәрбие жоспарларын әзірлеу тапсырылды. Қазылар алқасы тәрбие жұмысының жүйелілігі мен нәтижелілігін, практикалық міндеттерді шешу қабілетін, сондай-ақ ұсынылған жобалардың ұзақ мерзімді тиімділігін жан-жақты бағалады. Авторлық бағдарламалар, әдістемелік құралдар мен нақты практикалық ұсынымдар қатысушыларға қосымша басымдық берді.

Байқау қорытындысы бойынша II дәрежелі диплом Бұқар жырау ауданы Көкпекті ауылының педагогы Елена Тулакпаеваға және Абай ауданы Абай атындағы тірек мектептің ұстазы Естай Ғасырбекке табысталды. Ал қола жүлдені Балқаш қаласындағы «Зияткер» мамандандырылған мектеп-лицейінің мұғалімі Жадыра Қыдырасқар, Қарқаралы ауданындағы Қ.Смайылов атындағы №43 тірек мектеп-интернатының педагогы Әлия Смақова және Нұра ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектептің ұстазы Анастасия Смиян иеленді.

Қорытынды кезеңге қатысқан барлық педагог сертификаттармен марапатталды. Сонымен қатар Қазақстандық білім, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымы байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы сыйлықтар табыстады.

Бұл байқау өңірдегі сынып жетекшілерінің кәсіби әлеуетін арттыруға, тәрбие жұмысындағы үздік тәжірибелерді таратуға және ұстаз мәртебесін нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»