Зияткерлік додадағы жеңістер

Алматы қаласында ХХІІ дәстүрлі Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті. Білім додасына әлемнің 16 елінен 612 жоғары сынып оқушысы қатысып, математика, физика және информатика пәндері бойынша бақ сынады. Аталған олимпиада зияткер жастардың кәсіби деңгейін айқындайтын беделді халықаралық жарыстардың бірі саналады.

Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Тапсырмалар мамандандырылған сыныптардың оқу бағдарламаларына сай әзірленіп, халықаралық деңгейдегі тәжірибелі мамандардан құралған қазылар алқасының бақылауымен өткізілді.

Жарыс қорытындысы бойынша Қарағанды қаласының төрт оқушысы қола жүлдеге қол жеткізді. «Білім-Инновация» №1 лицейінің оқушылары Асқар Жұмағали, Даниял Нұрлан және Дінислам Амангелді математика, информатика және физика пәндері бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Батыр Ерденов информатика пәнінен жүлдегер атанды.

Батыр Ерденовтің айтуынша, олимпиада тапсырмалары күрделілігімен ерекшеленіп, SOS DP, центроидтық декомпозиция секілді озық алгоритмдік тақырыптарды терең меңгеруді талап еткен.

– Кейбір тапсырманы тіпті тәжірибелі қатысушылардың өзі толық шеше алмады. Бұл жарыс мен үшін үлкен тәжірибе болды. Алдағы уақытта информатика бағыты бойынша жоғары оқу орнына түсіп, IT саласында еңбек етуді жоспарлап отырмын, – дейді ол.

Жалпы есепте қазақстандық оқушылар 132 медаль иеленді. Оның ішінде 28 алтын, 35 күміс және 69 қола жүлде бар. Сонымен қатар жеңімпаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлық гранттары табысталды.

Айта кетейік, Халықаралық Жәутіков олимпиадасы 2005 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жарыс 10-11-сынып оқушыларына арналған және жыл сайын математика, физика, информатика пәндері бойынша өтеді. Тапсырмалар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылып, жеке және командалық есепте бағаланады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»