Ақ халаттыларға қолдау күшейеді: 2026 жылдан бастап жалақы өсіп, қауіпсіздік нығаяды
2026 жылдан бастап Қазақстанда медицина қызметкерлерін әлеуметтік және құқықтық тұрғыда қолдау жаңа деңгейге көтеріледі. Атап айтқанда, жедел медициналық жәрдем мен инфекциялық қызмет мамандарының жалақысы өсіп, дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдары денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде саланы қаржыландыру көлемі үш есеге жуық өсіп, 2025 жылы 3 трлн теңгеге жеткен. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, инфрақұрылымды жаңартуға және ұйымдардың материалдық-техникалық базасын күшейтуге мүмкіндік берді.
Республикалық деңгейдегі ірі медициналық нысандар пайдалануға берілді. Олардың қатарында Ұлттық онкология орталығы, Астанадағы шұғыл медицина орталығы және Алматыдағы Ұлттық жұқпалы аурулар орталығы бар. Сонымен бірге ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы аясында 650-ден астам медициналық нысан іске қосылып, қала мен ауыл арасындағы медициналық қызмет сапасындағы алшақтық айтарлықтай қысқарды.
Ұзақ уақыт бойы өзгеріссіз келген тарифтік саясат қайта қаралды. Босандыру және педиатрия қызметтерінің тарифтері көтеріліп, аурулардың алдын алу, ерте диагностика және медициналық көмектің сапасын арттыру басты басымдыққа айналды. Ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесі нығайып, онкологиялық қызмет қарқынды дами бастады. Бұрын тек шетелде қолжетімді болған жоғары дәлдіктегі, жұмсақ емдеу әдістері елімізде енгізілуде.
Салада дәрілік саясатқа да жаңа көзқарас қалыптасты. Бұл дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тұрақтылығын арттырып, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға жол ашты. Сонымен қатар цифрландыру бағыты күшейтіліп, «eDensaulyq» экожүйесі қалыптасуда. Жасанды интеллектке негізделген шешімдер дәрігерлерді қолдау және медициналық көмектің сапасын арттыру құралы ретінде қолданылуда.
Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне ерекше мән беріліп отыр. Парламент дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қызметтік міндетін атқару кезінде жасалған зорлық-зомбылық үшін жеке қылмыстық жауапкершілік енгізуді көздейтін заңнамалық түзетулерді мақұлдады. Сонымен қатар дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі іске қосылды.
– 2026 жылдан бастап инфекциялық қызметтер мен жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің жалақысын арттыру қарастырылған, ал дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіледі, – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Әлеуметтік қолдау шараларының нәтижесінде медицина кадрларының тапшылығы айтарлықтай азайды. Атап айтқанда, дәрігерлер жетіспеушілігі 19%-ға, орта буын медициналық персонал 7%-ға, ал ауылдық жерлерде 16%-ға төмендеген.
Қабылданып жатқан кешенді шаралар нақты нәтиже беріп отыр. Бүгінде қазақстандықтардың болжамды өмір сүру ұзақтығы 75,8 жасқа жетіп, жалпы өлім-жітім 2,6%-ға, нәресте өлімі 18%-ға қысқарған. Қазақстан халықаралық рейтингтерде де өз орнын нығайтып, адам дамуы индексі бойынша жеті сатыға жоғарылады.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»


