Қарағанды спортының қарқынды қадамы
2025 жылы Қарағанды облысында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, өңір спорты үшін нәтижелі жыл болды. Жыл қорытындысы бойынша облыс аумағында 95 жаңа спорт нысаны пайдалануға беріліп, тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Атап айтқанда, бұл нысандар Бұқар жырау ауданының Ғабиден Мұстафин атындағы кентінде, Ақтоғай ауданының Сарышаған ауылында және Приозерск қаласында ел игілігіне берілді.
Спорт инфрақұрылымын дамытудағы ірі жобалардың бірі – Қарағанды қаласында заманауи спорт кластерін құру. Аумағы 70 гектардан асатын бұл кешен өңірдің спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Жоба аясында әмбебап спорт аренасы мен мұз аренасын, жеңіл атлетикалық манеж, Әлия Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтің мектеп-интернат-колледжін, UEFA-4 санатындағы стадион, Футбол академиясын және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланып отыр. Бұл жобаның жүзеге асуы Қарағанды облысына халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда өңірде 1381 спорт нысаны тұрақты түрде жұмыс істейді. Халықтың спортқа деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Бүгінде 460 мыңнан астам тұрғын спортпен жүйелі түрде айналысады, бұл облыста салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
2025 жылы Қарағанды облысының спортшылары республикалық және халықаралық ареналарда жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасының сапында облыстан 1074 спортшы және 119 мүмкіндігі шектеулі спортшы өнер көрсетуде. Жыл ішінде қарағандылық спортшылар 986 түрлі деңгейдегі жарысқа қатысып, 15 540 медаль жеңіп алды. Сонымен қатар облыс аумағында халықаралық және республикалық маңызы бар 100 спорттық жарыс ұйымдастырылды.
Көркем жүзуден өткен Азия чемпионатында қарағандылық спортшылар 28 медаль иеленіп, ел қоржынына айрықша үлес қосты. Өңір жетекші спортшылардың жоғары жетістіктерін ерекше мақтан тұтады. Бокстан Аида Әбікеева екі дүркін әлем чемпионы атанса, биатлоншы Владислав Киреев 2025 жылғы Азия ойындарының чемпионы болды. Батуттық гимнастикадан Данил Мусабаев пен Никита Тумаков дуэті Әлем кубогы кезеңдерінің қорытындысы бойынша әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілді. Үстел теннисінен Алан Құрманғалиев бірнеше мәрте ірі халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанды. Сонымен қатар облыс спортшылары Қазақстанның VI Жастар спорт ойындарында барлық жылдар ішіндегі ең жоғары нәтижені көрсетті.
Ұлттық спорт түрлерін дамыту да өңірде жүйелі түрде жүргізілді. Қазіргі таңда Қарағанды облысында ұлттық спорт түрлерімен 38 378 адам тұрақты түрде шұғылданады. Тоғызқұмалақтан қол жеткізілген жетістіктер ерекше назар аударуға лайық. Әділхан Төлегенов жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде алып, Әлем кубогында күміс медаль иеленді. Мектеп оқушылары арасындағы әлем чемпионатында Аманжол Мирас екінші орынға қол жеткізсе, Нұрай Мұздыбаева қола жүлдені қанжығасына байлады. Юниорлар арасындағы Азия чемпионатында Балғын Қожанәсіп алтын медаль жеңіп алды.
Қазақ күресінен Ерқанат Молдағұлов Азия чемпионатының жеңімпазы атанса, Олжас Исаханов Әлем кубогында үшінші орынды иеленді. Дәстүрлі садақ атудан Айша Баймырза юниорлар арасында әлем чемпионы атанып, ұлттық спорттың беделін халықаралық деңгейде арттырды.
2025 жылы Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі таңда өңірдің бес аймағында аутизм спектрінің бұзылыстары, психикалық дамудың тежелуі және балалар церебралды сал ауруы диагнозы бар 200 бала жүзу спортымен айналысуда. Сонымен қатар Қарағанды және Теміртау қалаларында 40 бала жеңіл атлетикаға тартылған. Балқаш қаласында есту, көру қабілеті бұзылған және тірек-қимыл аппараты зақымданған 91 адам жүзумен шұғылданады. Абай қаласында 20 бала жүзу және бочча спорт түрлерімен айналысуда.
Паражүзуден өткен әлемдік серия кезеңінде облыс спортшылары Азияның екі рекордын және Қазақстанның төрт рекордын жаңартты. Паражеңіл атлетикадан Руфат Хабибуллин әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қарағанды облысының спортшылары бес медаль жеңіп алды. Дзюдодан Еркебұлан Қанапин екі алтын медаль иеленсе, таэквондодан Аян Әбдіраш, Айжамол Әбдікатова және Аида Мақатова қола жүлдеге қол жеткізді.
Осылайша, 2025 жыл Қарағанды облысы үшін спорт саласында инфрақұрылымды дамыту, жоғары жетістіктерге қол жеткізу және бұқаралық спортты кеңінен насихаттау тұрғысынан табысты жыл ретінде қорытындыланды. Жаңа жылда өңір спортына артылар үміт мол, алға қойылған мақсаттар айқын, сондықтан Қарағанды облысының спортшылары мен спорт саласы өкілдеріне жаңа жетістіктер мен толағай табыстар тілейміз.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

