Жас ғалымдар және тәуелсіз ел мұраты

Қарағанды қаласында «Қазақстан – менің Отаным» атты ХІ республикалық студенттік конференция өтті. Академик Е.А.Бөкетовтың 100 жылдық мерейтойы мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл ғылыми жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас зерттеушілер жиналды. Басқосу барысында студенттер өз ғылыми ізденістерін ұсынып, ел дамуына қатысты өзекті тақырыптарды талқылады. Конференция жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін танытып, отансүйгіштік рухты нығайтуға бағытталды.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің тарих факультетінде ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференцияға шамамен 257 студент өз мақалаларын жолдады. Конференция аясында Алматы, Қостанай, Арқалық, Тараз және Қызылорда қаласындағы жоғары оқу орындарынан келген жас ғалымдар өздерінің зерттеу еңбектерін таныстырды.

– Негізінен конференцияға дайындық оқу жылының басынан-ақ қолға алынған. Қазіргі таңда жұмыс бес секция бойынша жүргізілмек. Әр секция өз бағытына сай ұйымдастырылған. Қазақстан тарихы, археология және этнология, бүкіләлем тарихы, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясына арналған жеке секция қарастырылған. Осындай ғылыми жиынға қатысуға келген барлық студентке, жас ізденушілерге үлкен үміт артамын және олардың білім мен ғылым жолындағы талпыныстарына сәттілік тілеймін, – деді Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасының профессор ассистенті Салават Кентбек.

– Конференцияның басты мақсаты – «Қазақстан – менің Отаным» тақырыбы аясында ұлттық тарихымызды терең зерделеу, өткенімізге жан-жақты талдау жасап, оны дұрыс бағалау. Сонымен қатар тәуелсіздік жылдарынан бері еліміздің қол жеткізген жетістіктерін саралап, олардың маңызын айқындау көзделеді, – дейді Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасының меңгерушісі Минар Амрина.

Сарапшылардың пікірінше, биылғы конференцияға қатысушылардың дайындығы айтарлықтай жақсы деңгейде. Ұсынылған зерттеу жұмыстарында мазмұн байлығы мен талдаудың тереңдігі анық байқалады.

– Бағалау барысында қатысушыларға жоғары талаптар қойылады. Ең алдымен, студенттің дереккөздермен және ғылыми материалдармен жұмыс істей білуі, зерттеушілік қабілеті мен архив құжаттарын талдау дағдысы ескеріледі. Сонымен қатар, конференцияда ұсынылған мақалаларының негізінде болашақта қандай ғылыми бағыттарға ұштастыруға болатынын көрсете алуы және өз зерттеушілік әлеуетін дамытуы маңызды саналады, – деп атап өтті Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Сәуле Қасымова.

Нұрсұлтан Айсағали – Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 3-курс студенті. Өз баяндамасында ол академик Бөкетовтің жеке қасиеттері мен ғылыми еңбектеріне ерекше мән берген.

– Ең бастысы, бұл конференция жас ғалымдарға тәжірибе алмасуға кең мүмкіндік береді. Тарихшылардың мұндай кездесулерге жиналуы сирек болып келеді. Осындай ғылыми жиынның арқасында біз бір-біріміздің тәжірибемізбен бөлісіп, Бөкетов немесе Әбілқайыр сияқты ұлы тұлғалардың еңбектері арқылы білімімізді арттыра аламыз, – деді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Нұрсұлтан Айсағали.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жас зерттеушілердің ғылыми қызығушылығы артып, жаңа ой-пікірлер мен идеялармен бөлісуге мүмкіндік берген бұл конференция алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»