Дала дәстүрінің жаңғыруы
Бұқар жырау ауданында саятшылықтан облыстық чемпионат өтті. Ұлттық спортты дәріптеуге бағытталған дәстүрлі жарыс Ботақара кентінде ұйымдастырылып, Қарағанды облысының әр қала-ауданынан келген 25 құсбегі бас қосты. Табиғатпен етене байланысқан бұл сайыс көрермендер үшін де, қатысушылар үшін де мән-маңызы зор шараға айналды.
Саятшылық – қазақ халқының ежелден келе жатқан ата кәсіптерінің бірі. Қыран құсты баптап, аңға салу үлкен жауапкершілікті, төзімділік пен тәжірибені талап етеді. Ботақарада өткен чемпионаттың негізгі мақсаты осы өнерді кеңінен насихаттау, құсбегілердің кәсіби деңгейін көтеру және ұлттық спортқа жастардың қызығушылығын арттыру.
Жарыс бағдарламасына бүркіт, ителгі және қаршыға санаттары енгізілді. Әр бағытта құстардың ұшу қашықтығы, аңға түсу жылдамдығы, қимыл нақтылығы мен бап деңгейі арнайы талаптар бойынша бағаланды. Сайыс барысында қыран құстардың дайындығы мен иелерінің шеберлігі айқын байқалды.
Бүркіт санаты бойынша Қарағанды қаласындағы «Қайрат» мектебінің өкілі Жәнібек Ерболатұлы үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленді. Бұқар жырау ауданының Тасшоқы ауылынан келген Нұрәділ Есенгелді екінші орынға тұрақтаса, үшінші орынды Шет ауданынан қатысқан Абылай Қанат алды. Бұл санаттағы жарыс көрермендер арасында ерекше қызығушылық тудырды.
Ителгімен өткен сайыста Доскей ауылының құсбегі Темірәлі Төлегенұлы жеңімпаз атанды. Ол құсын жоғары деңгейде дайындап, барлық кезеңнен сәтті өтті. Күміс жүлде Тасшоқы ауылынан Арман Матейге бұйырды. Ал үшінші орынды Қарағанды қаласындағы «Қайрат» мектебінің жас спортшысы Нұрасыл Ерболат иеленді.
Қаршыға санатында Қарағанды қаласының спортшысы Серік Кәріпов қарсыластарынан озып, чемпион атанды. Жүлделі орындарға Шалқар ауылынан Әлихан Уәлиев пен Абылай Матей ие болып, бұл бағытта да қатысушылардың дайындығы жоғары деңгейде болғаны байқалды.
Жарыс барысында құсбегілер ұлттық спорттың қазіргі жағдайы, тәжірибе алмасу және алдағы жоспарлар жайында пікір бөлісті. Қатысушылардың айтуынша, мұндай жарыстар ата кәсіптің үзілмей, жаңа буынға жетуіне үлкен ықпал етеді. Сонымен қатар саятшылық арқылы табиғатты құрметтеу, сабыр мен жауапкершілік сияқты қасиеттер қалыптасады.
Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қарағанды облысының атынан республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысу құқығына ие болды. Бұл олардың еңбегінің бағалануы әрі үлкен додаға дайындалуға берілген мүмкіндік.
Айта кетейік, облыстық чемпионат Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының, Бұқар жырау ауданы спорт бөлімінің және «Сарыарқа құсбегілері» облыстық федерациясының қолдауымен ұйымдастырылды. Осындай жарыстар арқылы қазақ халқының бай мәдени мұрасы жаңғырып, ұлттық спорт түрлері заман талабына сай дамып келеді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

