Адалдық пен әділдікке үндеген кездесу

Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында рухани бағыттағы кездесу өтті. Шараға Қазақстан Республикасы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент Мәжілісінің депутаты Кенжеғұл Сейтжан арнайы қатысып, студенттермен ашық форматта кездесу өткізді.

Кездесудің мақсаты – жастарға адалдық, әділдік, жауапкершілік, сабырлылық және адамгершілік құндылықтардың маңызын түсіндіру, сондай-ақ әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау бағытындағы мемлекеттік саясат туралы ақпарат беру.

Шара барысында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бисенбек Жамбылұлы сөз сөйлеп, тәрбиелік жұмыстардың жастардың тұлғалық қалыптасуындағы рөліне тоқталды. Сонымен қатар Қарағанды облысы бойынша әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Гаухар Берікқызы және үш дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы, паралимпиада жүлдегері, жүзуден жаттықтырушы Анатолий Петрович өз салалары бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, нақты мысалдар келтірді.

Кездесу барысында студенттер әлеуметтік әділеттілік, инклюзивті білім беру, мүгедектігі бар азаматтарды қолдау мәселелері бойынша сұрақтар қойып, толыққанды жауаптар алды. Шара мәдени бағдарламамен жалғасып, қазақ халық аспаптар оркестрінің және «Open Asia» халықаралық байқауының І дәрежелі лауреаты – колледждің «Арқа әуені» студенттер хорының өнер көрсетуімен қорытындыланды.

Шара соңында колледж директоры Гүлмира Сұлтанмұратқызы сөз сөйлеп, қонақтарға алғыс білдірді. Сондай-ақ инклюзивті білім беруді қолдау кабинетінің салтанатты ашылуы өтті. Аталған кездесу жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға және қоғамда әлеуметтік теңдік қағидаттарын нығайтуға бағытталды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»