Форумда психологиялық әл-ауқатты нығайту жолдары талқыланды

Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті мен облыстық білім басқармасының қолдауымен «Психологиялық әл-ауқат векторы» атты халықаралық форум өтті. Шара барысында педагогтер бір-бірімен тәжірибе алмасып, білім беру саласындағы психологиялық әл-ауқатқа қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Форум қатысушылары оқушылар мен мұғалімдердің эмоционалдық денсаулығын қолдау бағытындағы тиімді тәсілдер мен жаңашыл шешімдерді ортаға салды.

Форумға халықаралық деңгейдегі профессорлар, сарапшылар мен педагогтар қатысты. Жас мамандар «Білім берудегі психологиялық әл-ауқаттың тәжірибелері мен зерттеулері» тақырыбында постерлік көрме ұйымдастырып, ғылыми жобаларын визуалды түрде таныстырды.

– Форум педагогтерге өз тәжірибелерін бөлісуге, жаңа әдістемелермен танысуға және білім берудегі психологиялық әл-ауқатты қолдау бағытындағы тиімді практикаларды меңгеруге мүмкіндік береді. Мұндай шаралар ұстаздардың кәсіби дамуын арттырып, оқушылардың сапалы білім алуына оң әсер етеді, – деді Қарағанды қалалық білім бөлімінің  басшысы Есентай Әшім.

Форум білім алушылардың тұлғалық және психологиялық дамуына қолайлы, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға арналған. Педагогтер инклюзивті білім беру ортасын жобалау және жүзеге асыру бойынша кәсіби шеберліктерін арттыру мүмкіндігіне ие болды.

– Форум педагогтерге білім беру процесінде психологиялық әл-ауқатты қолдаудың жаңа әдістерімен танысуға, тәжірибе алмасуға және инклюзивті білім беру ортасын дамыту бойынша кәсіби шеберлігін арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай шаралар оқушылардың тұлғалық дамуына және оқу үдерісінің сапасына тікелей ықпал етеді, – дейді Phd, профессор Ғалия Саржанова.

Форум барысында үздік нәтижелер көрсеткен педагогтерге дипломдар тапсырылды. Қорытынды конференция келесі жылы өткізілетін болады.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»