Бастапқы әскери дайындық – жаңа форматта

Қазақстан мектептерінде бастапқы әскери дайындық (БӘД) пәні жаңа мазмұнмен және жаңа талаптармен оқытылатын болды. Бұдан былай бұл сабақтарды тек әскери қызметтен өткен, нақты тәжірибесі бар мамандар өткізеді. Қорғаныс министрлігі енгізген өзгерістер бойынша зейнеттегі әскери қызметкерлер педагогикалық білімді тегін алып, кейін мектептерде жұмыс істей алады. Пәннің бұрынғы атауы қайта қалпына келтіріліп, оқушылардың әскери жиындар мен далалық жаттығуларға қатысу мүмкіндігі артады.

Жаңа әскери-патриоттық тәрбиелеу туралы заңға сәйкес, пән атауынан «технологиялық» сөзі алынып тасталды. Енді практикалық сабақтардың саны көбейеді, ал оқу-жаттығулар әскери бөлімдер базасында өтеді. Сабақтарға бөлімше командирлері де қатысып, оқушыларға әскери қызметке қатысты түсінікті әрі нақты білім бермек.

Атмосфераның жаңа форматына көз жеткізген оқушылардың бірі – Бауыржан Момышұлы атындағы №43 мектептің оқушысы Аман Дүйсен. Оның айтуынша, жаңартылған БӘД сабағы әскери өмірге қызығушылықты арттырып, болашақта әскер қатарына түсуге ынталандырады.

Пәнді тек әскерде қызмет атқарған тұлғалардың жүргізуі – ең маңызды өзгерістердің бірі. Қорғаныс министрлігінің пікірінше, тәжірибесі бар мамандар ғана оқушыларға әскери қызметтің нақты талаптарын, тәртібін, міндеттері мен жауапкершілігін дұрыс түсіндіре алады. Әскери қызметкерлердің өмірлік тәжірибесі – жасөспірімдерге әскери қызметтің мәнін жеткізуде, олардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруда басты құрал. БӘД мұғалімі Нұрдәулет Анарбековтың айтуынша, мұндай сабақтар жастарды тәртіпке, батылдыққа және жауапкершілікке тәрбиелейді.

Тағы бір маңызды жаңалық – кемінде 10 жылдық қызмет өтілі бар офицерлер мен сержанттарға әскери оқу орындарында педагогикалық қайта даярлаудан тегін өту мүмкіндігі беріледі. Бұл бастама бұрын әскери салада жұмыс істеп, педагогика бойынша тәжірибесі жоқ мамандарға мұғалімдік қызметке жол ашады. Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Түлембаева бұл өзгеріс мектептердегі БӘД пәнінің сапасын арттыруға айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті.

Министрлік бұл реформаның басты мақсаты – мектеп қабырғасынан бастап жастарды әскери қызметке сауатты, сенімді әрі дайын етіп тәрбиелеу. БӘД сабақтарында оқушыларға әскери жарғы, әскери қызметкердің құқықтары мен міндеттері, әлеуметтік кепілдіктер туралы ақпарат беріледі. Әскери бөлім өкілдерінің айтуынша, жас буын өз болашағын ерте кезеңнен жоспарлап, әскери саладағы білім мен мансап мүмкіндіктерін түсінуі тиіс. Бұл – олардың ертеңгі жарқын болашағына бастайтын маңызды қадам.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»